Глубокое ауданының тұрғыны үйінде заңсыз қару сақтаған
Ол енді бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Анықталған шолақ мылтық толық атуға жарамды болып шыққан, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО ПД ақпаратына сүйеніп.
ШҚО Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшесі заңсыз айналымнан атыс қаруы мен олардың оқ-дәрілерін алуға, ұрланған және жоғалған қаруды іздестіруге бағытталған жедел іс-шараларды тұрақты негізде жүргізеді.
Мысалы, Глубокое ауданының 54 жастағы тұрғынының тіркелмеген қаруды сақтау фактісін полицейлер осындай іс-шаралар барысында анықтаған.
Тінту кезінде ауыл тұрғынынан жедел уәкілдер "ТОЗ-8" ойық шолақ мылтықты және "ИЖ-38" модельді пневматикалық мылтықты тәркіледі, - деп хабарлады ШҚО ПД. - Криминалистердің қорытындысы бойынша шолақ мылтық толық атуға жарамды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-ның 287-бабы 3-бөлігі "атыс қаруын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Полиция департаменті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді немесе жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар әкімшілік және қылмыстық жауаптылықтан босатылатынын ескертеді.