"Шевченковское" бірегей кен орны мемлекетке қайтарылды
Кен орнындағы никель мен кобальт қорларының жалпы құны 5,6 трлн теңгеден асады
Бұрынғы вице-министр Тимур Тоқтабаевқа қатысты қылмыстық істі тергеу шеңберінде мемлекетке Қостанай облысындағы "Шевченковское" бірегей кен орны қайтарылды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпаратына сүйеніп.
Кен орнында никель (1,075 млн тонна) және кобальт (585,9 мың тонна) қоры бар. Пайдалы қазбалар қорларының құны 5,6 трлн теңгеден асады.
Үстіміздегі жылдың 27 қазанында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының Тимур Тоқтабаевқа қатысты үкімі жарияланды, - деп хабарлады агенттік. - Ол пайдалы қазбалардың ірі қорлары бар кен орындарын онымен үлестес тұлғаларға беру кезінде ауыр зардаптарға әкеп соқтырған лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды.
Тоқтабаевқа 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан, "Ерен еңбегі үшін" мемлекеттік наградасынан айырылды.
Сондай-ақ, оның атындағы қымбат мүліктері де тәркіленді:
- Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Көкшоқы ш/а мекенжайы бойынша орналасқан жер учаскесі;
- Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Алматы бау-бақша серіктестігі мекенжайында орналасқан тұрғын үй;
- 2021 жылы шыққан "Mercedes-Benz Maybach S580 4MATIC" маркалы авто;
- 2021 жылы шыққан "Bentley Bentayga V8" маркалы авто.
- Он үш коммерциялық ұйымның қатысу үлесі.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет активтерді қайтару бойынша жұмысты жалғастыруда.