ШҚО-да мүгедектерге бейімделмеген әлеуметтік нысандардың басшыларына айыппұл салынды
Елде мүгедек жандардың ыңғайына қарай бейімдеу керек 35 мыңнан астам нысан бар
Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында облыста биыл 88 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны бейімделді, оның ішінде 30 нысан 2023 жылдан бастап ерекше қажеттіліктері бар адамдардың барлық санаттарына толық бейімделген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі азақстан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Елімізде 2027 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедек жандардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, "Аманат" партиясының Жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген "Кедергісіз келешек" жобасы іске асырылуда.
Жобада қолжетімділіктің интерактивті картасы сайтына енгізілген ел бойынша бейімделуі тиіс 35 мыңнан астам басым объектілер айқындалды. 2021-2022 жылдары 8 мыңнан астам нысан бейімделді. 2023-2027 жылдар кезеңінде жыл сайын кемінде 5 мың объект (5 жылда 27 мың) бейімделуге тиіс. Осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 2021-2022 жылдарды қоса алғанда, 10 444 нысан бейімделді.
Шығыс Қазақстан облысында 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1348 нысанды бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар 2023 жылға бейімдеуге жоспарланған 270 нысанның 88-інде бейімдеу іс-шараларын жүргізді, - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. - Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің ШҚО бойынша аумақтық департаменті (бұдан әрі – Департамент) жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында 30 нысанның толық бейімделгені расталды.
58 нысан ішінара бейімделген деп танылды, олар бойынша қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі заңнама талаптарының 96 бұзушылығы анықталды: есту қабілеті бұзылған адамдар үшін – 4, көру қабілеті бұзылған адамдар үшін – 32, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін – 35, кресло-арбамен қозғалатын адамдар үшін – 25.
Сондай-ақ, 2023 жылдың соңына дейін 182 нысанды бейімдеу жоспарлануда.
Бұдан басқа, мемлекеттік бақылау аясында департамент мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 52 тексеру жүргізілді, оның ішінде: 17-сі жоспардан тыс тексеру және 35- і профилактикалық бақылау.
Тексеру қорытындысы бойынша объектілердің басшылығына анықталған бұзушылықтарды жою туралы 42 ұйғарым берілді, жалпы сомасы 672 мың теңгеге 3 әкімшілік айыппұл салынды.
Нысандардың меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.