Мақсат Толықбай: "Сәбет заманынан қалған ескі вагондар сүйретіліп әлі жүр"
Депутат Мақсат Толықбай Мәжіліс отырысында еліміздегі теміржол тасымалының сапасы жайлы сөз қозғап, Көлік министрі Марат Кәрімжанұлына сауал жолдады
Өз кезегінде депутат қазіргі таңдағы теміржол тасымалы, пойыз билеттері, пойыз көліктерінің сапасы жайлы барлық мәселелерді тізіп берді.
Теміржолда қашан тәртіп орнайды? 30 жылдың ішінде теміржолды табыс көзіне айналдырған бұрынғы басшылардың тек қаржы табумен ғана айналысқанын біз жақсы білеміз. Сол ескі Қазақстан өкілдері сөлін сорып, бізге тек қаңқасын қалдырды. Айта-айта жақ талды. Жылдағы жыр. Сапа - нөл. Сәбет заманынан қалған ескі вагондар сүйретіліп әлі жүр, - деді Мақсат Толықбай.
Ол елдегі теміржол паркінің 60 пайызының тоз-тозы шыққанын тілге тиек етті.
Министрлік 2030-да жарылқаймыз деуден жалықпайды. Бірақ ҚТЖ-ға бәрібір. Өйткені шекелері шылқып жүрген менеджерлерге Қазақстан теміржолының құны көк тиын. 26 жылда жарылтпаған саланы, енді жеті жылда жарылқайды дегенге жан баласы сенбейді, - деді депутат.
Халық қалаулысының сала министрлігіне жолданған сауалында билетті субсидиялауға жыл сайын миллиардтардың бөлінетіндігі айтылады.
Мәжіліс депутаты халықтың көкейіндегі мәселені дөп басып айтты. Шынымен вагондар өте ескі. Онымен қоса жаз айы басталғанда билет таппай сандаламыз. Алматы, Астанаға бару үшін бірнеше ай бұрын қамдануға тура келеді. Билеттің бағасымен вагонның жағдайы сәйкес келмейді. Қарапайым халық үшін жол, тасымал, әлеуметттік саладағы мәселелер шешілсе, одан өзгені сұрамайды. Енді осы сыннан кейін ада болса мәселе шешілер деген үміттеміз, - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Сана Оралбекқызы.