Өзі басқарып отырған фирманы тонаған директор қолға түсті
Оны бұл қадамға спорттық құмар ойындар салдарынан қарызға батуы итермелеген
Спорттық құмар ойындар салдарынан қарызға батқан Тараз қаласындағы шағын қаржы мекемесінің директоры өз фирмасын тонаған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Жамбыл облыстық Полиция департаменті ақпаратына сүйеніп.
7 қыркүйекте Тараз қаласының "102" арнасына шағын қаржы мекемесіне тонау жасалғаны туралы хабарлама түсті, - делінген хабарламада. - Полиция мекеме филиалының 47 жастағы директоры кассирді дәретхана бөлмесіне қамап, кассадан 24,5 млн теңге көлеміндегі ақшаны иемденіп, белгісіз бағытқа қашып кеткенін анықтады.
Осы дерекке қатысты ҚР ҚК 191-бабының 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде жасалған тонау) бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Жеке құрамға шұғыл бағдар беріліп, "Тосқауыл" жоспары енгізілді. Сондай-ақ өзге де жедел іс-шаралар кешені жүргізілді, оның ішінде тонаушының туыстарымен және айналасындағы жақын араласатын адамдармен байланыс жасалып, нәтижесінде күдікті қала аумағынан тыс жасырынып үлгермей, өз еркімен ұрланған ақшаны алып, полиция органына келуге мәжбүр болды, - деп мәлімдеді Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жауап алу барысында ұсталған азамат құқыққа қайшы жасалған әрекетіне өкініп, мұндай мәжбүрлі қадамға спорттық құмар ойындар салдарынан ұтылысқа ұшырағаны және кезінде осындай құмар ойындар үшін алған 5 несие бойынша жинақталған қарыздарға байланысты барғанын айтып түсіндірген.
Қазіргі таңда күдікті уақытша қамау изоляторына қамаққа алынды. Тергеу амалдары жалғасуда.