Ертең 400 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш аттайды
Жаңа оқу жылында 382 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады
Оның 70 пайызға жуығы мемлекеттік тілде оқуға ниет білдірген, деп хабарлайды Устинка LIVE ҚР Оқу-ағарту министрлігі ақпаратына сүйеніп.
1-сыныпқа баратын оқушылардың ең көп саны Алматы қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында тіркелген. Балаларды қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қабылдау бойынша ең жоғары көрсеткіш Шымкент қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында байқалып отыр, - делінген хабарламада.
Министрлік жаңа оқу жылында 11-сыныпта оқитындардың саны да рекордтық көрсеткішке жеткенін мәлімдеді. Биыл 188 900 оқушы мектеп бітіреді. Жалпы, 2023-2024 оқу жылында мектептерде 3,9 миллионға жуық қазақстандық білім алады.
55 мың бала оқу жылын жаңа мектептерде бастайды. 2023 жылдың соңына дейін жаңа 132 мың орындық білім беру ұйымдары пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Елімізде барлығы 7,7 мың орта білім беру ұйымы бар.