Қарағанды облысындағы шахтаға өрт қасақана қойылуы мүмкін бе?
Әлеуметтік желілерде "Қазақстан" шахтасындағы өрт қасақана болуы мүмкін деген ақпарат тарады
Полиция тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, - делінген хабарламада.
Полицейлер атап өткендей, барлық қажетті тергеу шаралары жүргізілуде, өрттің шығу себебін анықтайтын тиісті сараптамалар тағайындалды.
Облыс тұрғындарын ықтимал қауесеттер мен арандатушылықтарға берілмеуді, тек ресми ақпаратқа сенуді сұраймыз. Жалған ақпарат таратқаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупі бар, - делінген хабарламада.
17 тамызда Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ "Қазақстан" шахтасында өрт шықты: конвейер лентасы өртенді. Жер бетіне 222 кенші шығарылды. Бес кенші қаза тапты. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 277-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс Қарағанды облысы прокуратурасының бақылауында.