Банк қызметкері 600 млн теңге жымқырған
Қызылорда облысында банк қызметкері 600 млн теңгеден астам ақшаны ұрлап кеткен
Касса қызметкері екі жыл уақыт бойы киімінің жеңіне тығып ақша шығарып отырған, деп хабарлайды Устинка LIVE ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі ақпаратына сүйеніп.
Банк қоймасындағы қаражатты тексеру барысында 602 900 000 теңге жетіспейтіндігі анықталған. Ұрлық фактісі бойынша ҚМА өңірлік департаменті тергеу жүргізуде.
Контроллер-кассир шамамен 1 000 000 теңгеден 4 000 000 теңгеге дейін ақшаны бөлшектеп, кассадан ұрлағаны анықталды, - делінген ақпаратта. - Банктің 2021-2023 жылдар аралығындағы бейнебақылау камераларының жазбалары тәркіленді, онда кассадан халаттың жеңіне оралған ақшаларды шығару арқылы ұрлау фактілері тіркелген.
Күдікті жасаған қылмыстық құқық бұзушылықты толық мойындаған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында букмекерлік кеңседен оның атына тіркелген шотынан ақпарат алынып, соңғы 3,5 жылда есепшотқа 158 млн теңге түскені анықталған.
Сонымен қатар, оның атына және жұбайының атына тіркелген абоненттік нөмірлерден букмекерлік кеңселердің есепшотына ақша аудару бойынша операциялар жүргізілгені туралы ақпарат бар.
Күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілуге жатпайды.