Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған бауырлас қалалар форумы басталды
Әлемнің әр түкпіріндегі бауырлас қалалардың басшылары осы форумда бас қосты
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келген меймандарға ризашылығын білдірді, деп хабарлады Ақорда.
Биыл біздің елордамызға 25 жыл толып отыр. Бұл – мерейлі белес. Біз ширек ғасыр бұрын астанамызды Алатаудың баурайынан Арқа төсіне көшірдік. Есілдің жағасына ел қондырып, жаңа қаланың іргесін қаладық. Бүгін осы маңызды жиынға елорданың бұрынғы әкімдері, қаламыздың құрметті тұрғындары, еңбек ардагерлері, мәдениет, ғылым, спорт қайраткерлері, ғалымдар, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер қатысып отыр. Олар Тәуелсіз Қазақстанның тірегі болған Астананың құрылысына белсене атсалысты, кеңес заманындағы ескі шаһардың қазіргі заманға сай озық қалаға айналуына зор үлес қосты. Мен баршаңызға шынайы алғыс айтамын, - деді мемлекет басшысы.
Астана қаласының салынуы – Тәуелсіз Қазақстанның тарихында айрықша мәні бар оқиға. Бұл шешім өте күрделі кезеңде қабылданды. Осындай қиын жағдайда Жоғарғы Кеңес Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша Астананы Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Бас қаламыз ресми түрде 1997 жылы 10 желтоқсанда көшірілді. Ал осыдан 25 жыл бұрын 6 мамырда Ақмола атауы Астана болып өзгертілді.
Бұл – халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім. Тұңғыш Президенттің осы бастамасы жаңа ұлттық идеяға айналды. Бұл шешім еліміздің, халқымыздың ұлттық мүддесіне сай келгеніне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан бәріміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл саладағы еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек, - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елорданың заманауи келбетін қалыптастыруға Кисё Курокава, Норман Фостер, Ренато Аркетти, Манфреди Николетти сияқты әлемге әйгілі сәулетшілер атсалысты.
"Бәйтерек" монументі, "Бейбітшілік және келісім" сарайы, "Хан шатыр" кешені және басқа да бірегей нысандар қаланың көркін аша түсті. Бас қаламыз "Астана опера", "Астана балет" сияқты өнер ордалары арқылы бүкіл әлемге мәдени орталық ретінде танылды. Жаңа елорда Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне тың серпін берді.
Астана жаңару мен жаңғыруға жол ашты. Бүгінде Астана жан-жақты әрі қарқынды дамуда. Елордамыздың халықаралық беделі артуда. Астана ЮНЕСКО-ның шешімімен "Бейбітшілік қаласы" атанды. Бас қаламызда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, ЭКСПО халықаралық көрмесі өтті.
Қазір Астана – дінаралық диалог пен рухани дипломатияның ордасы. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі – соның айқын көрінісі. Елорда төрінде түрлі конфессия өкілдері бас қосты.
Астанаға Рим папасы арнайы келгенін білесіздер. Кезінде аса мәртебелі ІІ Иоанн Павел қонақ болды. Былтыр аса қадірлі Франциск келді. Олар Қазақстанның әлемдік руханиятты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Біздің игі бастамаларымызға қолдау білдірді. Бұл – біз үшін зор мәртебе, - деді ҚР Президенті. - Астана – діннің басын қосқан, дінбасылардың дәстүрін тоғыстырған шаһар. Бұдан бөлек, елорда төрінде талай мәрте дүбірлі додалар мен халықаралық сайыстар өтті. Бір сөзбен айтқанда, Астананы бірлік пен берекенің бесігі деуге толық негіз бар.
Қазір Астанада Алматы, Ақмешіт, Орынбор, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Сарайшық көшелері бар. Бұл – елдік пен мемлекеттілік тарихының нақты көрінісі. Астана – еліміздің жүрегі. Бұл қалада ең маңызды шешімдер қабылданып жатыр. Келешекте де лайым солай болмақ.
Астана – болашағы зор қала. Осы орайда, біз "жасыл қала" идеясын жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Елордамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек. Астана – аймақтағы ірі қаржы орталығы, - деп атап өтті мемлекет басшысы. - Әлемнің 75 елінің 2 мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдады. Бүгінде Қаржы орталығы елімізге 8 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Әлемдік саясатшылар Астананы бейбітшілік алаңы дейді. Ұстанымы бөлек, мүдделері кереғар елдер осында бітімге келді. Келешекте де Астана біздің геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек. Мен бұған кәміл сенемін.