Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты пара беруге итермеледі деген күдікке ілінді
Ол сот органдарының лауазымды тұлғаларынан пара беру үшін экс-министрдің жұбайынан 460 мың АҚШ долларын алған
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пара беруге оқталған ҚР Мәдениет және спорт экс-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жұбайы әшкереленгенін мәлімдеді. Cондай-ақ, экс-министрдің мүддесін қорғаушы адвокат алаяқтық пен пара беруге итермелеу күдігімен ұсталды.
А. Мұхамедиұлының қылмыстық жазасын жеңілдету және қамаудан босату сылтауымен қорғалушының жұбайынан сот органдарының лауазымды адамдарына беру үшін пара ретінде 460 000 АҚШ доллары сомасында ақшалай қаражат алған, - делінген хабарламада. - Тергеу амалдары барысында 255 000 АҚШ доллары көлеміндегі қаражат анықталып, тәркіленді. Қалған соманы ол өз қалауы бойынша жұмсағаны анықталды.
Сонымен бірге, Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен А. Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Экс-министрдің өкілі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Мұхамедиұлының жұбайы аса ірі көлемде пара беруге оқталуы бойынша күдікті болып танылды, - делінген хабарламада.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жариялауға жатпайды.