Ұлттық экономика министрі: "Енді инфляция төмендейді"
Әлібек Қуантыров инфляцияны екі есе азайту қажеттігін айтты
AMANAT партиясы мәслихат депутаттары мен Үкімет мүшелері арасында тікелей диалог орнатты. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровпен әңгіме барысында депутаттар мамыр айының қорытындысы бойынша 15,9%-ды құраған инфляцияның өсу мәселесін көтерді.
Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдардан бері көптеген қиын жағдай орын алды. Бұл пандемиядан басталып, логистикалық тізбектер бұзылды, сондықтан біз қазір мүлдем жаңа жағдайда жұмыс істеп жатырмыз. Әрине, біздің экономикамыздың да және көрші елдердің экономикаларының да үйренері көп. Үйреніп те жатырмыз. Енді инфляция төмендейді. Біздің мақсатымыз – оны екі есе азайту, - деді ол.
Сондай-ақ, министр әкімшілік реформа және бюджеттік қатынастар мәселелеріне жеке тоқталды.
2022 жылы жергілікті бюджеттердің кіріс базасы бірқатар төлемді жергілікті деңгейге беру есебінен 81 млрд теңгеге ұлғайтылды. Бюджеттің IV деңгейіне мынадай салықтар: заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлкіне салынатын салықтардың 50%, жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым, жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем жоспарланады. Соның нәтижесінде ауыл бюджеті 3 есеге ұлғайады деп күтіліп отыр, - деді Әлібек Қуантыров.