Петропавлда 17 жастағы бала алаяқтықпен зейнеткердің 5,5 млн теңгесін жымқырған
Зейнеткерге полиция қызметкерімін деп қоңырау шалған ол қызының басын бәледен құтқару үшін қомақты сома сұраған
Петропавл полицейлері күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлады Polisia.kz.
Петропавл қаласының 76 жастағы тұрғынына белгісіз біреу қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған. Ол зейнеткерге қызының жүкті әйелді көлікпен қағып кеткенін және зардап шеккен азаматшаның өмір мен өлім арасында тұрғанын айтып сендірген. Сондай-ақ, зардап шеккен азаматшаның туыстары қомақты сома төлесе, полицияға шағымданбайтынын айтқан. Баласы үшін алаңдаған зейнеткер жиған-терген ақшасын беруге келіскен. Осылайша курьер келіп зейнеткердің 5,5 млн теңгесін алып кеткен.
Артынша зейнеткердің қызы үйге келгенде алданғанын түсінген кейуана бірден полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары курьерді іздеп тапты, ұрланған ақша тәркіленді. Оның Петропавлдағы алаяқтықтың тағы екі фактісіне қатысы болуы мүмкін.
Аталған факт бойынша Петропавл қаласының 17 жастағы тұрғыны ұсталды, кәмелетке толмағандығына байланысты ол ата-анасының кепілгерлігімен босатылды. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Осы сынды алаяқтық фактілері қазір кең етек алуда. Біз адамдардан қырағы болуды, алаяқтардың арбауына түспеуді сұраймыз. Осындай жағдайда телефонды қоя салып, алаяқтар сөз етіп отырған туыстарыңызға хабарласыңыздар. Сондай-ақ, ЖКО фактісінің жоқтығына көз жеткізу үшін “102” арнасына дереу қоңырау шалу қажет, – деді СҚО ПД Петропавл қаласы ПБ бастығы Ербол Тайбеков.