Қазақстанда "Qnet" қаржы пирамидасын құрған тағы бір азамат анықталды
Ол Қызылорда облысындағы 38 азаматты заңсыз іске тартып, 46 млн теңге иемденген
Қызылорда облысы аумағында "Qnet" қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық жасады деген күдікке ілінген азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Қаржылық мониторинг агенттігі ақпаратына сүйеніп.
Ол 2020-2021 жылдар аралығында қаржы пирамидасын құрып, оның қызметіне 38 тұлғаны қатыстырған (зардап шеккендер), келтірілген залал көлемі 46 млн теңге, - делінген хабарламада. - Соттың санкциясына сәйкес, ол "күзетпен ұстау" түріндегі шарамен 2 ай мерзімге қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-ның 201 бабының талаптарына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
Осы орайда естеріңізге сала кетейік, маусым айының басында Қостанайда "Qnet LTD" құрылымдық бөлімшесін ашып, 30-дан астам адамның 36,5 млн теңгесін қалтасына басқан азаматқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылған болатын. Ол алданған азаматтардан алған соманы түгелдей қайтарып, тергеу аяқталған.