Қазақстандық ауыр атлетші өзіне қол салды
Ауыр атлет Владимир Седов 35 жасында дүниеден озды
Бұл хабарды ҚР Ауыр атлетика федерациясы жеткізді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 2008 жылғы Олимпиаданың қатысушысы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы және рекордшысы Владимир Седов бала кезінен спортқа берілген. Үздік жетістіктері үшін "Құрмет"орденімен марапатталған, - деп жазды ҚР Ауыр атлетика федерациясы.
Ауыр атлет өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
35 жастағы ауыр атлеттің денесі өзі тұратын мекенжайы Қаратал ауданындағы Достық ауылынан табылды. Денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Марқұмның туыстарының берген түсініктемесіне сәйкес, ер азамат өз-өзіне қол жұмсаған. Қазір осы суицид фактісіне орай қылмыстық іс қозғалды, - делінген Жетісу облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қазір тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы, яғни өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу фактісі бойынша жүріп жатыр.