Абай облысындағы өртке байланысты тергеу басталды
Бас прокуратура тергеуге тартылуы тиіс адамдар өрт сөндіруге жұмылдырылғанын айтады
ҚР Бас прокуратурасы Абай облысының орман алқабында орын алған өрт фактісі бойынша ҚР ҚК 292-бабының 3-бөлігі (абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Қылмыстық іс аясында министрлер мен әкімдерден жауап алына ма? Бұған қатысты мәжілістің баспасөз мәслихатында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев жауап берді.
Дәл қазір тергеу амалдарына тартылуы тиіс адамдар өрт сөндіруге жұмылдырылған. Біздің басты мақсатымыз – өртті сөндіру. Сондықтан қазір біз олардың негізгі жұмысына араласпаймыз. Кейіннен олардан міндетті түрде жауап алынады. Қазіргі кезде басқа да тергеу амалдары ескерілген, - деді Бас прокуратура өкілі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қылмыстық іс арнайы прокурорлардың іс жүргізуіне қабылданды. Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері қатарынан ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.
Сонымен қатар, адамдардың қаза болуына және қоршаған ортаға елеулі зиян келтіруге әкеп соққан ауыр зардаптарды назарға ала отырып, арнайы прокурор салғырттық фактісі бойынша қылмыстық істі тіркеді, - делінген прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдемесінде. - Оны тергеп-тексеру аясында жауапты лауазымды адамдардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады.