Тұрғындары далада қалғаны үшін Петропавл қаласының әкімі сөгіс алды
Өрттің алдын алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілмегендіктен 11 отбасы баспанасыз қалды
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі аппаратының отырысында Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев сөгіс алды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, 7 мамыр күні Петропавлдағы Береке ықшам ауданында қамыс жанып, арты ауқымды өртке ұласты. 9 үйдің күлі көкке ұшып, тағы екі үй мүлдем жарамсыз болып қалған. Салдарынан 11 отбасы далада қалды. Қазіргі уақытта өрттен зардап шеккендер уақытша баспанада тұрып жатыр.
Оған тиісті өрттің алдын алу жұмыстарының уақтылы жүргізілмеуі себеп. Жылда қураған шөпті шауып, жою үшін бюджеттенқаражат бөлінеді. Биыл осы мақсатқа 67 млн теңге жоспарланған, алайда тиісті жұмыс жүргізілмеген.
Қала әкімі жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған. Қураған шөп-қамыс дер кезінде шабылмаған. Осындай жауапсыздықтан тұрғындар баспанасыз қалды. Бар мүлкінен, құжаттарынан айырылды. Мұның алдын алуға болар еді, егер де тиісті жұмыс уақытында жүргізілсе. Арнайы қаржы бөлінбесе, ақша болмаса мен түсінер едім, - деді облыс әкімі Айдарбек Сапаров.
Осы оқиғаға қатысты Петропавлда жергілікті ауқымда техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл далада қалған отбасыларға ҚР заңнамасы аясында келтірілген шығынды қысқа мерзімде өтеу үшін енгізіліп отыр.
Тәуелсіз сарапшылар тұрғындарға келтірілген материалдық шығынның мөлшерін есептеп жатыр. Сондай-ақ, баспана иелеріне 100 АЕК мөлшерінде өтемақы да берілмек.