Үндістанның арзан әуе компаниясы Дели-Алматы бағытында әуе рейстерін ашады
Үндістандық IndiGo лоукостері тамыздан бастап Қазақстанға әуе рейстерін ашады
Бұл бағытта енді аптасына үш рейс ұшпақ, деп хабарлайды Устинка LIVE ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Үндістанның IndiGo төмен бюджеттік әуе компаниясы 2023 жылғы 15 тамыздан бастап Дели – Алматы бағыты бойынша А-320 және А-321 типті әуе кемелерінде аптасына 3 рейс жиілігімен Қазақстанға ұшуларды бастауды жоспарлап отыр, - делінген хабарламада.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, IndiGo әуе акомпаниясы - Үндістанның ең ірі төмен бюджеттік тасымалдаушысы. Лоукостердің Қазақстанның халықаралық тасымалдау нарығына кіруі әуе билеттерінің қолжетімділігіне оң әсер етеді және бәсекелестікті арттырады.
Қазақстан мен Үндістан арасындағы рейстердің ұлғаюы елдер арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.