Мұғалімдерге сыйлық алу үшін ақша жинауға тыйым салынады
Соңғы қоңыраудың салтанатты жиыны мен іс-шараларын қалай өткізуді әр мектеп өзі шешеді
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министр Шолпан Каринова мәлімдеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Оқу ағарту министрлігінің нормативтік құжаттарында соңғы қоңырауды өткізу немесе өткізбеу туралы ақпарат көрсетілмеген.
Бірінші вице-министр Шолпан Каринова биыл оқу жылының соңында мектептерде салтанатты іс-шараларды өткізуге қойылатын талаптар туралы айтты.
Оның айтуынша, соңғы қоңыраудың салтанатты жиыны мен іс-шараларын қалай өткізуді әр мектеп өзі шешеді. Министрлік дәстүрлі соңғы қоңырауды қолдайтынын хабарлады.
Бірақ ведомствоның нормативтік құжаттарында мұндай іс-шараны өткізу бұдан бұрын да көрсетілмеген дейді вице-министр.
Министрлік бұл іс-шараны 1 маусым - Балаларды қорғау күніне орайластырылған форматта өткізуді ұсынады.
Шолпан Каринова аниматорларды, мерекелік кештерді ұйымдастыру агенттіктерін, жеке студияларды жалдау үшін қаражат жинауға тыйым салынатынын ескертті. Сондай-ақ, ведомство мұғалімдерге, мектеп әкімшіліктеріне сыйлық алу үшін ата-аналардан қаражат жинауға қатаң тыйым салынатынын да атап өтті.