Әлем чемпионатының жүлдегерлеріне Үкімет қанша сыйақы береді?
Ташкентте өткен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Астана әуежайында жанкүйерлер күтіп алды
Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов пен чемпиондардың алғашқы легі келді, деп хабарлайды Устинка LIVE Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Ең бірінші болып алтын медаль иеленген Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов пен күміс жүлдегер Дулат Бекбауов елге оралды.
Осы әлем чеспионатына ілігудің өзі өте тартысты болды. Әр салмақта ең мықты деген жігіттерді таңдадық, оларды жарыстарға жібердік. Кейін оларды оқу-жаттығу жиындарында қарадық. Сөйтіп, іріктеліп шықты. Ал кейбір салмақтарда іріктеу өте қиын болды. Өйткені, бір салмақта бірнеше мықты болды. Тіпті кейбірі бірдей нәтиже көрсетіп жатты. Дегенмен, таңдау жас спортшыларға берілді, - деп пікір білдірді Мырзағали Айтжанов.
Жеңімпаздардың екінші тобы - Санжар Тәшкенбай мен Нұрбек Оралбай Астана уақытымен сағат 16.00-де елордаға қонады.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Үкімет тарапынан әлем чемпиондарына қанша сыйақы қарастырылатынын айтты.
Министрлік тарапынан әлем чемпиондарының әрқайсына 15 мың доллардан береміз және олардың бапкерлеріне де 15 мың доллар қарастырылған. Қазақстан бокс федерация тарапынан 100 мың доллар, AIBA тарапынан 200 мың доллар беріледі, - деді министр.