Әлеуметтік төлемдер туралы ақпаратты банк қосымшалары арқылы алуға болады
Әлеуметтік төлемдер туралы ақпарат енді Kaspi және Halyk Homebank мобильдік қосымшаларында қолжетімді болмақ
Яғни, енді Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудың қажеті болмайды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы ШҚОФ баспасөз қызметі жариялаған ақпаратқа сүйеніп.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" екінші деңгейлі банктермен бірлесіп Kaspi және Halyk Homebank мобильдік қосымшалары арқылы әлеуметтік төлемдер туралы ақпарат алуға мүмкіндік беретін жобаны жузеге асырды, - делінген хабарламада.
Kaspi мобильді қосымшасында қажетті анықтаманы алу үшін "мемлекеттік қызметтер" бөліміне кіріп, "цифрлық құжаттар" батырмасын басып, "анықтамалар" бөлімін таңдау қажет. Halyk Homebank қосымшасында "мемлекеттік қызметтер" – "анықтамалар" бөліміне кіру арқылы қажетті ақпаратты білуге болады.
Анықтаманың цифрлық нұсқасында алынған және белсенді төлемдердің мөлшері туралы ақпарат алуға болады. Қызмет алушы анықтаманы көру барысында 2016 жылдан бастап кез келген кезеңді таңдай алады (ең жоғары кезең – 3 жыл).
Банктердің мобильді қосымшалары арқылы қызмет алушылар жәрдемақы, зейнетақы және әлеуметтік төлемдер туралы ақпарат ала алады. Сондай-ақ, бұл жүйенің енгізілуі мемлекеттік корпорация бөлімдерінің қызметкерлеріне жүктемені азайтып, азаматтарға уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Қажетті ақпаратты азаматтар тұрғылықты жері бойынша орналасқан "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ бөлімшелерінен алатын. Жыл сайын мемлекеттік корпорация бөлімдеріне осы анықтамаларды алу үшін 230 мыңнан астам қызмет алушы (мүгедектігі бойынша, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға берілетін АӘК және МӘЖ алушылар) жүгінетін.