Күршім ауданындағы екі ауылда қалың қар, боранды болып тұр
Алдағы күндері еліміздің барлық өңірлерінде сыртқы ауа температурасы күрт төмендейді
Бүгін ШҚО-ның Күршім ауданындағы Урунхай және Ақжайлау ауылдарында қалың қар жауып, боран соғып тұр.
"Қазгидромет" синоптиктерінің болжауынша, суық антициклон және арктикалық ауа массалары кезінде республиканың барлық аумағында ауа температурасының күрт төмендеуі және қатты жауын-шашын күтіледі.
Еліміздің солтүстік жартысында негізінен қар жауып, жаяу бұрқасын; оңтүстік облыстарда қатты жауын жауып, найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін. Бүкіл Қазақстан бойынша желдің күшеюі күтіледі, солтүстік облыстарда тұман, көктайғақ болады, - делінген хабарламада.
Егер республиканың солтүстік-батысында және солтүстігінде 14 сәуірде ауа температурасының 10 градусқа күрт төмендеуі күтілсе, оңтүстік облыстарда 15 сәуірге дейін суық болмақ. Бірақ оған дейін елдің солтүстігінде 20 градусқа дейін, оңтүстігінде 33 градусқа дейін аптап ыстық болуы мүмкін.