Иракта заңсыз жүрген 20 қазақстандық ұсталды
Олар Ирак Республикасында заңсыз еңбек етіп жүрген
Қазақстан елшілігі ұсталған жерлестерімізді соттың қарауынсыз депортациялау туралы келісімге қолжеткізді, деп хабарлайды Устинка LIVE сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Биыл наурыз айының соңында Ирак Республикасының құқық қорғау органдары заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін Қазақстанның 20 азаматын ұстады. Қазақстанның Иорданиядағы және Ирактағы елшілігі жергілікті органдармен сот қарауынсыз депортациялау туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Қазір ұсталған азаматтар айыппұл төлеп Иран аумағынан шығып кетті, - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бұған дейін де осыған ұқсас оқиға болған.
Биыл ақпанда Қазақстанның 7 азаматы Ирак Республикасының шетелдіктердің болуы туралы заңының нормаларын бұзғаны туралы, атап айтқанда, жасырын казинода заңсыз еңбек еткені үшін тергеуге тартылған болатын. Бізге мәлім болғандай, өткен жылдың қараша айында олардың 5-еуі ұсталып, сот қарауына дейін кепілмен босатылған. Осыған қарамастан жерлестеріміз Иракка қайта оралып, елдің заңнамасын қайтадан бұзды. Қазақстан елшілігі шұғыл көмек көрсетуді ұйымдастырған. Сондай-ақ, сот және прокуратурамен келіссөздер өткізілді, - дейді ол.
Сондай-ақ, Айбек Смадияров жоғарыда аталған заңбұзушылық үшін бір жылға дейін бас бостандығынан айрылуы немесе 500 мыңнан 3 млн ирак динарына дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Аталған азаматтар Ирак Республикасына тиісті құжатсыз және заңсыз еңбек ету мақсатында барғаны белгілі болды. Осы орайда отандастарымызды басқа елдің заңнамасын сақтауға шақырамыз, - дейді СІМ ресми өкілі.