ШҚО медициналық қызмет сапасы бойынша "қызыл аймақта"
ШҚО-да медицина саласына қатысты халықтан түскен шағымдардың 50%-дан астамының негізі бар болып шықты
Ажар Ғиният Шығыс Қазақстан облысының медициналық ұйымдарының басшыларымен кеңес өткізді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Кеңестің жұмысына Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың, СЭБК, МФБК аумақтық департаменттерінің, өңірдің денсаулық сақтау басқармасының басшылары қатысты.
Өңірлерді негізделген шағымдар бойынша саралау нәтижелері бойынша Шығыс Қазақстан облысы "қызыл аймақта". Шағымдардың 50%-дан астамы негізделген. Медициналық қызметтердің сапасына қатысты шағымдар айтарлықтай үлес қосады, - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Лаура Ахметнияз.
Ал облыс бойынша ана өлімінің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 57%-ға төмендеді.
Лаура Ахметнияз босандыру және балалар саласындағы емдеу-диагностикалық, тәсілдік және ұйымдастырушылық сипаттағы бірқатар кемшіліктерге, сондай-ақ пациенттерді қолдау қызметінің әлсіз жұмысына және медициналық ұйымдардың медициналық құралдармен жабдықталуының төмендігіне назар аударды. Кадрлық әлеуетті сақтау және тарту, пациенттерді қолдау қызметін жетілдіру, халық проблемаларын жедел шешу сияқты сұрақтардың нақты шешімін ұсынды.
Ал Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова ШҚО-дағы денсаулық сақтау объектілерінің 86%-ы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау нәтижелері бойынша санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес келмейтінін айтты.
Тексеру нәтижелері бойынша 4 млн теңгеден астам сомаға 573 әкімшілік хаттама жасалды, 148 нұсқама берілді, 27 адам жұмыстан шеттетілді. Сотқа 18 материал берілді. Сонымен қатар, елімізде қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуін ескере отырып, ұлттық күнтізбе шеңберінде тиісті халықты профилактикалық егулермен қамтуды қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді, - дейді Зәуре Ахметова.
Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыста тиісті халықты профилактикалық екпемен қамту 96,2%-ды құрады. Сонымен қатар, бірқатар аудандар (Алтай, Зайсан, Шемонаиха аудандары және Риддер қаласында) вакцинация көрсеткіштері төмен. Бұл жағдай халықтың иммундық емес қабатының жиналуына және өсуіне және вакцинамен басқарылатын инфекциялардың өршуіне әкелуі мүмкін.
Қорытындылай келе, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният халыққа медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту үшін жұмыс бағыттарын белгіледі.
Пациенттерді тасымалдау мақсатында шалғай аудандар үшін жерүсті көліктерін сатып алу, барлық медицина қызметкерлерін СЖЕ-ге оқыту қажет, сондай-ақ өңірді қаржыландыруды егжей-тегжейлі талдау қажет, - деп түйіндеді Ажар Ғиният.