"Қазақстан халқына" қоры ШҚО-да аутист балаларға арналған орталық ашады
Жалпы Қазақстан бойынша 8 орталық ашу жоспарланған, оның бірі кеше Шымкентте жұмысын бастап кетті
2 сәуір – дүниежүзілік аутизм туралы ақпаратты тарату күні, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бұл күні Шымкентте аутизмі бар балаларға арналған орталық ашылды. Онда жыл сайын 125 бала мамандардың кешенді көмегін тегін алады. Орталық 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған.
"Қазақстан халқына" қорының "Қамқорлық қоры" және Samruk-Kazyna Trust қорларымен бірлесіп іске асыратын "Аутизмі және басқа да менталды бұзылыстары бар балаларға арналған орталықтарды жарақтандыру" қайырымдылық жобасы аясында елімізде осындай 8 орталық ашылады. Жоба бюджеті – 2,4 млрд теңге.
Соңғы бес жылда аутизмі бар балалардың саны екі есеге артып, бүгінде елімізде аутизм спектрі бұзылған 12 мыңнан астам бала бар. Мұндай диагноз қойылған бала санының өсуі сәйкесінше қажетті инфрақұрылымды, жағдайдың жасалуды қажет етеді. Кешенді және ұзақ мерзімді көмек жоқ, ата-аналар мен балалар түзету кабинетіне немесе оңалту орталығына кезек күтуге мәжбүр. Осы және басқа да мәселелерді ата-аналар мен азаматтық сектор өкілдері бізге жіберген өтініштері мен ұсыныстарында баяндаған болатын. Сондықтан мәселенің маңыздылығын ескере отырып, серіктестерімізбен оны жүйелі түрде шешуге бастамашы болдық. Мақсат – балалар мен ата-аналарға кешенді және ұзақ мерзімді қолдау көрсету, қоғамда әлеуметтенуіне жағдай жасау. Осылайша аутизмі бар балалар саны ең көп 8 өңірде 8 орталық құрылып, онда жыл сайын 1000 ерекше бала қамтылады, – деп атап өтті "Қазақстан халқына" қорының басшысы Болат Жәмішев.
Шымкенттен басқа, аутизмі бар балаларға арналған 7 орталық Алматы қаласында, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Павлодар облыстарында ашылады.