Бас мүфти Рамазан айында арақ-шарап сатылмаса деген тілек білдірді
23 наурызда күллі мұсылмандар үшін қасиетті, айлардың сұлтаны – Рамазан басталады
Осы ізгілігі мен мейірімі мол айда жақсы амалдар жасап, жамандықтан тыйылу абзал. Осы орайда еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айында ішімдік ішу тыйылып, тіпті сатылмаса деген ниет білдірді.
Барша қауымға қасиетті Рамазан айында арақ-шарап ішілмесе және дүкендерде сатылмаса, мүмкіндігінше құдайы астар кешкі ауызашар уақытында өткізілсе деген тілегімді жеткіземін. Алла Тағала Рамазанның құрметі үшін жасаған жақсы ісіміздің себебімен баршамызды жақсылыққа кенелткей, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
ҚМДБ оразаға байланысты сұрақтары бар адамдарға арнап жедел желі ашқан.
Егер оразаға, жалпы діни мәселеге қатысты қандай да сұрақтарыңыз болса, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Діни ақпарат беру орталығы ашылғанын тағы да қаперлеріңізге саламын. Жамағаттың сұрағына дер кезінде жауап беретін орталықтың нөмірі 8 7072333030. Ұялы байланыс арқылы хабарласып, көкейде жүрген сұрақтарыңызға жауап аласыз. Дін саласының білікті мамандары тәулік бойы қазақ және орыс тіліндегі сұрақтарға жауап береді, - деді бас мүфти.