Су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлене ме?
Қазіргі таңда су басу қаупі бар аймақтарда эвакуациялау орындары ұйымдастырылған
Төтенше жағдайлар жөніндегі бірінші вице-министр Ибрагим Күлшімбаев су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға өтемақы қалай төленетінін айтты.
Егер үйді су басқан болса, өтініш бойынша өтемақы төлеу туралы өтініш қаралады. Төтенше жағдайларға жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылған. Жергілікті бюджет қаражаты жеткіліксіз болса, республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді, - деді вице-министр. - Келтірілген шығынды анықтау үшін арнайы комиссия құрылады. Кейін өтемақы төленеді.
Оның айтуынша, су басу ықтималдығы жоғары өңірлерде – Алматы, Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстарында эвакуациялау пунктері ұйымдастырылған.
Вице-министр "Қазгидромет" болжамына байланысты оңтүстік гарнизондардың барлық аумақтық бөлімшелері жоғары дайындық режиміне өткенін айтты.
Суды ағызу үшін 13 мыңға жуық қап контейнері төселді. Төрт жүзден астам жеке құрам мен 71 техника жұмылдырылды. Түркістан облысына көмекке Шымкент гарнизонының күштері мен құралдары да жіберілді. Қазіргі уақытта жағдай тұрақтанды. 200-ден астам адам эвакуацияланды, оның ішінде 111 бала туыстарына орналастырылды. Қазір олар үйлеріне оралып жатыр, - деді вице-министр.