ШҚО-ны су басу қаупі бар
ШҚО-да апаттық жағдайдағы екі су қоймасында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр
Бұл туралы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері айтты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі "Адырна" ұлттық порталына сілтеме жасап.
Елімізде 10 ірі су қоймасы бар. Бүгінгі таңда барлық гидротехникалық құрылғылар, соның ішінде су қоймалары тексерістен өтті. Апаттық жағдайда Шығыс Қазақстан облысындағы екі су қоймасы транзиттік режимге қойылды. Ол су қоймаларында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан су тасқынын апатсыз өткізу мақсатында су жинамай, транзиттік режимге қойылды, - деді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидолла Азидуллин.
Ал су қоймаларындағы қауіп наурыз айында белгілі болады.
Су басу қаупі қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында. Бірақ қазір нақты ақпарат айту қиын. Себебі негізгі болжам наурыз айында айтылады. Наурызға дейін қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп, бақылауға алынып отыр. Судың көлеміне сәйкес су қоймаларында бос су сыйымдылықтары ұйымдастырылады, - деді Ғалидолла Азидуллин.
Вице-министрдің сөзінше, синоптиктер наурыз айынан бастап гидрологиялық болжамды апта сайын ұсынады. Гидрометеожағдайлар күрт өзгерген кезде 2-3 тәулік бұрын су тасқыны қаупі туындауы жайлы дауылды ескертулер хабарланады.