М. Мұзапаров: "Жақсылық Үшкемпіров жастарға үнемі қолдау көрсететін"
Тәуелсіздік мерекесіне орай ел тарихында ізі қалған, айтулы еңбек сіңірген тұлғалардың тағдырынан бір үзік сыр
Қазақты бүкіл әлемге танытқан спортшылардың бірі әрі бірегейі – Жақсылық Үшкемпіров. Ол грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жақсылық Үшкемпіров Жамбыл облысы, Тегістік ауылының тумасы. Ол 29 жасында, яғни, 1980 жылы ХХІІ Олимпиада ойындарында Мәскеуде жеңіске ие болды. Бірнеше рет Грек-рим күресінен КСРО біріншілігінің жеңімпазы, КСРО халықтарының VI жазғы спартакиадасының жеңімпазы, 1981 жылы әлем чемпионы, 1982 жылы әлем кубогінің күміс жеңімпазы атанды. 1974-1984 жылдар Қазақ КСР мемлекеттік спорт комитетінде нұсқаушысы болды. Ал 1984 жылы Красноярск қаласында жалауын көтерген КСРО кубогында 33 жастағы Жақсылық Үшкемпіровты үлкен спорттан шығарып салу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. 1984-1993 жылдар республикалық кәсіподақ комитетінің спорт мектебінің директоры, 1993 жылдан «Жақсылық» спорт клубының директоры болды.
Даңқты қазақ палуаны 69 жасында бақилық болды. 2020 жылы әлемді жалмаған дерт ортамыздан арда азаматты алып кетті.
Олимп шыңын бағындырған тұңғыш қазақ баласына талай жастар еліктеп, осы грек-рим күресіне қызығушылықтары артып, ізін жалғап келеді. Жақсылық Үшкемпіровтің көзін көрген, артынан ерген інілері оның үнемі жастарға қолдау білдіріп, намыстарын қайрап, ақылын айтып, қамқорлық таныта білгенін жиі айтады.
Жақсылық Үшкемпіровтің бойындағы басты қасиеті – қарапайымдылығы. Қандай биікке жетсе де, өте қарапайым жан еді. Ортасына сыйлы азамат болды. Оның Олимпиадада жеңіске жету жолы жеңіл болған жоқ. Іріктеу кезінде бас бапкерлер Жақсылықты олимпиадаға жіберу-жібермеу туралы екіойлы болған екен. Сол кезде Дінмұхамет Қонаевтың өзі қолдау білдірген, - дейді Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының бірінші вице-президенті Марат Мұзапаров.
Оған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болған Дінмұхамет Қонаветың мына сөзі де дәлел: "Мен тарихта қалармын, бәлкім қалмаспын. Бірақ бір «жапырақ» болса да ел мен жердің атын шығарған Жақсылықтай жігіттер қазақтың тарихында алтын әріппен жазылатыны сөзсіз".
Жақсылық ағамен 30 жылдай таныс болдық. Ең алған 1996 жылы ол кісімен Атлант олимпиадасына бірге бардық. Ол кезде құрама команданың бас бапкері Дәулет Тұрлыханов. Жақсылық аға үнемі жарыстарға бірге барып, жастарға қолдау білдіретін, - дейді Марат Мұзапаров. - Қазір Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы бар. Балалары әке ісін жалғастырып келеді, Жандос Жақсылықұлы сол жекпе-жек сарайын басқарып отыр. Жылда мамыр айында туған күніне қарсы халықаралық турнир өткізіледі. Әр облыста да Жақсылық Үшкемпіров атындағы турнирлер өткізіліп отырады.
Еске сала кетейік, 2019 жылы Семей қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілген болатын.
Семей - спортшының өмірінде терең із қалдырған қала. Олимпиада чемпионы жас кезінде қарт Семейдегі зооветинститутта оқыған.