Жеке сот орындаушылар өндірілген ақшаны қалталарына басқан
Елдегі жеке сот орындаушылар жалпы көлемі 1,1 млрд теңгені ұрлаған
Бас прокуратура Алматы қаласында, СҚО, Қарағанды, Павлодар, БҚО және Ақмола облыстарының ақша жымқыруы бойынша 660 фактіні анықтаған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Мәселен, елордалық ЖСО алимент бойынша жоқ қарызды әдейі анықтап, сот үкімімен мемлекеттің пайдасына тәркіленуге жататын 289 млн теңгені жеке тұлғаның банктік шотынан шешіп алған.
Ол бұл қаражатты Астана қаласы Сот актілерін орындау департаментінің бұрынғы бастығына аударған. Осы қызметі үшін ЖСО 10 млн теңге ұстап қалған, - делінген хабарламада. - Алматылық ЖСО жыл бойы борышкерлердің қаражаты есебінен өзінің банктік депозитін жалпы сомасы 84 млн теңгеге 18 рет толықтырған. Нәтижесінде ол пайыз түрінде 2 млн теңге табыс тапқан.
Осыған ұқсас тағы бір жағдай: ЖСО өз депозитіне 13,6 млн теңге аударып, шамамен 5 млн теңгеге жуық сыйақы алған.
Қарағандылық 7 ЖСО борышкерлердің 110 млн теңге көлеміндегі қаражатын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Тағы бір алматылық ЖСО «Жанұя» балалар үйінің кәмелетке толмаған тәрбиеленушісіне тиесілі 400 мың теңгені жеке мақсаттында пайдаланған. Павлодарда ЖСО 3 жыл бойы 520 мың теңгеге екі баланың алимент қаражатын ұрлап отырған, - деді Бас прокуратура. - Кейбір ЖСО-лар өндіріп алушылардың ақшаларын басшылардың шығындарын жабу үшін пайдаланған. Батыс Қазақстан облысында ЖСО өңірлік палатаның басшысына және оның орынбасарына 1 млн теңге аударған. Олардың басқа әріптестері әйелдері мен туыстарына 4,7 млн теңге бөлген.
Ақша қаражатын ұрлау мен ысырап етудің анықталған фактілері бойынша сотқа дейінгі 16 тергеу басталды.
Сондай-ақ, қадағалау актісі бойынша 7 ЖСО лицензиясынан айырылды, 2 лицензия тоқтатылды, 55 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.