Шежіресін зерттегісі келетін өскемендіктерге көмектеспек
Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана қызметкерлері ата тегін таныуға ниетті кез келген қазаққа көмектеспек
Қалалық кітапхана "Ата тек" атты жобаны қолға алды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ұрпақтың саулығы – ұлттың саулығы. Жетелі ұрпақты тал бесіктен тәрбиелеген дана халқымыз тек пен қан тазалығына баса мән берген.
Жеті атаға толмай қыз алыспау – ата-бабамыздан бері келе жатқан қатаң құқықтық заң-ереже. Дүниеге келер ұрпақтың қанының тазалығы мен денінің саулығын сақтау мақсатында жеті атаға дейін қан араластырмау шарты бұрыннан қалыптасқан. Бұл – физологиялық және психологиялық ауытқуды және ауруды тудыратын генетикалық өзгерістердің алдын алу үшін жасалған сақтық шарасы, - дейді жоба жетекшісі Бақытжан Торғаев.
Оның айтуынша, жоба жалпылық сипатта емес, ата тегін білуге ізденіс жасаған оқырмандарға бағытталған.
Бұл жобада біз оқырманға өзінің шежіресін зерттеуді, ақпаратты қалай іздеуі керектігін және интернет желілерінен зерделеуді үйретеміз. Зерттеу жүргізу барысында негізгі құралымыз - шежіре кітаптардың көмегіне сүйенеміз. Меніңше, жеті атасын білу әр азаматтың парызы. Сондықтан осы жобаны бастадық, - дейді жоба жетекшісі.
Айта кетейік, жоба аясында барлық оқырман, кез келген уақытта келіп көмек сұрай алады. Бастысы шежіре зерттеуге ниетіңіз болса болғаны.