Полицейлер 2,4 млн теңге қарызы бар азаматты пойыздан түсіріп алды
ШҚО полицейлері 2,4 млн теңгеден астам қарыз болған қазақстандықты "Алматы-Астана" бағытындағы пойызда кетіп бара жатқан жерінен түсіріп алған
Ер адам бизнес бойынша серіктесінен қомақты қаражат алып, қашып кеткен екен, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Өскемен қаласы полиция басқармасының көші-қон қызметі бөліміне жеке сот орындаушысынан Өскемен қаласының тұрғынына қарыз болып қалған 33 жастағы азаматтан екі миллион теңгеден астам қарыз өндіріп алу туралы қаулы келіп түскен, - делінген хабарламада. - Жәбірленуші тараптың айтуынша, бұрынғы бизнес серіктесі 2020 жылғы желтоқсанда қолхатпен 2 407 402 теңге қарыз алған. Алайда екі жыл ішінде бір тиын да қайтармай, ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпаған.
Іздестіру іс-шаралары барысында ШҚО ПД көші-қон қызметінің қызметкерлері борышкердің орналасқан жерін анықтаған. 33 жастағы қаскөй осы уақытта Алматыдан елордаға бара жатқан пойызда болған.
Полицейлер борышкерді Шу қаласындағы станцияда ұстаған. Енді қарызды өндіріп алумен сот орындаушылары айналысатын болады.
Жыл басынан бері ШҚО Полиция департаменті 70-тен астам борышкерді анықтады, - деді ШҚО ПД КҚҚБ бастығының міндетін атқарушы Ринат Шкибаев.
ШҚО ПД көші-қон қызметі атқарушылық құжатты орындамағаны үшін Заңмен ҚР ӘҚБтК-ның 669-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік және ҚР ҚК-ның 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.