Ақан Сатаев "Қазақфильмдегі" басшылық қызметінен кетті
Белгілі режиссер "Қазақфильм" АҚ басшысы қызметінен өз еркімен кеткенін мәлімдеді
Ақан Сатаев бұл қызметті екі жылдан астам уақыт атқарған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Мен өз еркіммен "Қазақфильм" киностудиясы басшысы қызметінен босату туралы өтішін жаздым. 2 жылдан астам уақыт ішінде елдің басты киностудиясында мақтан тұтарлық көп жаңашылдық орын алды: қызметкерлердің жалақысын көтеру, студияны газдандыру, аумақты абаттандыру бойынша жұмыстар жүзеге асырылды, басқарма құрылымын өзгерту, құжат айналымын кезең-кезеңмен цифрландыру басталды, антикордың комплаенс-қызметі енгізілді, түсірілім техникасы, костюмдер мен реквизиттерді жалға беруден түсетін коммерциялық кіріс 400 пайызға дейін арттырылды; серіктестермен бірлесіп «Медиа және кино» мектебі ашылды; техникалық базаны жаңғырту басталды; қауіпсіздік және инфрақұрылымның сақталуына қатысты бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды, - деп жазды Ақан Сатаевтың өзі инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев та бұл туралы өзінің Facebook-парақшасында жазып, алғыс білдірді.
Құрметті достар, осы жазбамда талантты және табысты режиссер Ақан Сатаевқа "Қазақфильм" АҚ президенті ретіндегі қажырлы, бастысы және жемісті қызметі үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді, - деп жазды Дәурен Абаев. - Бүгін Ақан Қарғамбайұлы аты аңызға айналған киностудия басшысы қызметінен өз еркімен кетті. Оның шығармашылық жолында да кино өнерінің дамуына септігін тигізетін серпінді жобалар әкелетініне сенімдімін.