Көршілес елден келген мигранттар белгіленген заңнама аясында ғана еңбек ете алады
Еңбекпен қамту бойынша ең алдымен қазақстандықтардың жай-күйі, жұмыс жағдайы маңызды
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Кеше Үкіметтің көші-қон мәселелеріне қатысты өткізген жиналысындағы мәліметтерге байланысты қоғамда дұрыс түсінбей жатқандар бар. Осыған орай айтайын дегенім - шетел азаматтарына заң аясында қызмет көрсетіледі. Біз халықаралық міндеттерімізді орындай отырып, өз еліміз бен халқымыздың мүддесінен жоғары құндылық жоқ екенін ұмытпауымыз қажет. Ең маңызды мәселенің бірі – құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік. Сонымен бірге арендалық тұрғын үй бағаларының өсуінен өз азаматтарымыз қиын жағдайға тап болып отыр, - деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы жауапты органдар тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыру бойынша тиісті шараларды қабылдау қажеттігін баса айтты.
Оны біз кеше айттық. Еңбекпен қамту бойынша ең алдымен қазақстандықтардың жай-күйі, жұмыс жағдайы біз үшін приоритет. Барлық кәсіпорындар мен мекемелер осыны естен шығармауы керек. Ал көршілес елден келген мигранттар белгіленген заңнама шеңберінде ғана еңбек ете алады. Жағдай күнделікті бақылауда, - деді Премьер-Министр.