Қазақстанда Гиннестің жаңа рекорды тіркелді
Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайындағы концертте 51 елден 75 ұлттың өкілі өнер көрсетіп, жаңа әлемдік рекорд орнатылды
Шара елордада өтетін Әлемдік дін көшбасшыларының съезі қарсаңында ұйымдастырылды. Рекордтың мәні бір сахнада ең көпұлтты музыка ұжымының басын қосу, деп хабарлайды Устинка LIVE Tengrinews.kzсайтына сілтеме жасап.
"Бейбітшілік сазы" атты жобаға 51 елден 75 ұлт өкілі қатысты. Ал рекордты Гиннестің әлемдік рекордтар кітабының төрешісі Jack Brockbank арнайы келіп, тіркеді.
Көпұлтты оркестр көне қазақ әні "Қара жорғаны" шырқады. Абайдың "Желсіз түнде жарық айы" мен А. Бородиннің "Игорь князь" операсынан үзінділер орындалды. G. Caccini-дің "Ave Maria-сы", Vangelis-тің "Conquest of paradise-ы" да оркестрдің сазына арқау болды.
Грузиядан келген Geo Folk Tour ұжымы Абайдың "Көзімнің қарасы" әнін орындаса, Диана Макина украин ұлтының "Я люблю тільки тебе" әнін нақышына келтіріп шырқады. "Туған жер" балалар хоры M.Jackson-ның We Are The World әнін сыйлады.