Қостанай облысындағы өрт сейілді
Қостанай облысында бірнеше күн жалындаған өрттен енді елді мекендерге қауіп жоқ
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанай облысындағы өрт сөндірушілер мен Қорғаныс министрлігінің жеке құрамымен кездесіп, барлығына көрсеткен ерлігі, қажырлы еңбегі үшін алғыс айтты.
Қазір жалындап жанып жатқан учаскелер жоқ, қалдық от ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Төрт аумақта (Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдары) қарауылдау ұйымдастырылып, жұмыстар жүргізілуде. Аздаған жауын жауғандықтан ауа ылғалдығы күшейді, - деп мәлімдеді ҚР ТЖМ баспасөз қызметі. - Озерное, Лесное және Аманқарағай ауылдарында жағдай тұрақталды. Озерное, Аманқарағай ауылдарында тек локальды өрт ошақтарының бықсуы байқалады.
Құтқарушылар төрт учаскеде қарауылдау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Кеше өрт сөндірушілер Бағаналы ауылын аман алып қалу үшін күні бойы барын салды. Орманды айнала жер жырту жұмыстарын жүргізді. Министр құтқарушы күштердің бір бөлігі өрт толық сөндірілгенге дейін өңірде қалатынын айтты.
Қорғаныс министрлігінің көмегі аса маңызды. Бөлімшелеріміздің бірлескен қимылы жоғары деңгейде болып, қажет кезде кез келген табиғи және техногендік төтенше жағдайды еңсеруіміз қажет. Ең бастысы өрттің таралу қаупі сейілді, - деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.