Ахмет Байтұрсынұлы түскен бейнетаспа табылды
Тарихи жәдігер Әзербайжанның астанасы Бакудің мұрағатында сақталған
Тек видеодағы адамның кім екені жазылмаған. Бірақ сырт келбетіне қарап ғалымдар оның Ахмет Байтұрсынов екеніне шек келтірмейді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі 24.kz сайтына сілтеме жасап. Видеоны "Ахаң жүріп өткен жолмен" экспедициясының мүшелері жариялады.
Бұл бейнематериал 1926 жылы Бакуде түсірілген. Сол жылы мұнда бүкілодақтық түркологтардың бірінші құрылтайы өткен еді. Келелі кеңеске қазақ жерінен 4 делегат қатысты. Олар Ахмет Байтұрсынов, Елдес Омаров, Біләл Сүлейов және Нәзір Төреқұлов. Содан уақыт салып, Ахаң жүрген жолмен қазіргінің ғалымдары да жүріп өтті. Ақыры мұрағатты ақтарып, мол ақпарат жинаған мамандар сол кеңесте түсірілген бейнематериалға қол жеткізді. Алдағы уақытта экспедиция мүшелері деректі ресми растау үшін сараптамалық орталықтарға жүгінбек.
Бірден айту керек - видео аса анық емес. Бірақ алаштанушы ғалымдар, ахметтанушы ғалымдар мұны бір ауыздан Ахаң деп сеніммен айтып отыр. Неге? Себебі сол жиында Ахаң құрылтайда екі бірдей комиссияға жетекші болған екен. Мынау президиумда ол комиссия мүшелері отырады. Ахаң бірінші отырады. Сондықтан отырған орны Ахаң отыруға тиісті орын. Екінші сол кезеңдегі түскен фотоларымен жаңағы видео сәйкес келеді, - дейді "Ахаң жүріп өткен жолмен" экспедициясының мүшесі Абылай Мауданов.
Тіл білімі институтының ғалымдары 8 минуттық бейнежазбада Ахмет Байтұрсынұлы 6 рет көрінетінін мәлімдеді.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары 21-28 тамыз аралығында "Ахмет Байтұрсынұлының жазу реформасы: теориясы мен тәжірибесі" (AP13068356) атты мемлекеттік грант зерттеуі бойынша жүргізілген архивтік зерттеу нәтижесінде Баку қаласындағы "Әзербайжан Республикасының Ұлттық архив мекемесінен" көрнекті лингвист-ғалым, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының және қазақ журналистикасының негізін салушы, ұлттық әліпби мен емле реформаторы, алғашқы ұлттық әліппенің авторы, қазақ ғылымын ұйымдастырушы, қазақ филологиясының тұңғыш профессоры, қазақтың алғашқы білім министрі, ақын, философ, мәдениеттанушы, саясаткер, идеолог, педагог, XX ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясын тәрбиелеген ағартушы ғалым, қазақ руханияты тарихындағы аса ірі тұлға, қоғам және мемлекет қайраткері, Ұлт Ұстазы АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ видеосын тапты, - деп мәлімдеді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының баспасөз қызметі. - Осыған орай, 2022 жылғы 9 қыркүйекте ғалымдарының есебі тыңдалып, түпнұсқа видео көрсетіледі.
Баспасөз мәслихатына ахметтанушылар, қоғам қайраткерлері, тілтанушылар қатысады.