Қазақстанды жаяу аралап жүрген Сәрсенбай ақсақал межеге жақындап қалды
72 жастағы Сәрсенбай Қотырашов 7 мың шақырымды артқа тастап Оралға жеткен
Ақсақал Өскеменге жеткенде күтіп алып, өзімен тілшіміз сұхбаттасқан болатын, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
31-ші наурыз күні ақ қар, көк мұзда керек-жарағын қоларбасына салып Ұлытаудың төрінен жолға шыққан 72 жастағы Сәрсенбай ақсақал тоқтамай, кері шегінбей, бағдар бойынша Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Талдықорған, Аягөз қалаларын басып өтіп, шығыстың алтын қақпасы Өскеменге маусымда өткен болатын.
Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тумасы, еңбек ардагері, темір ұстасы, Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығының қызметкері, 72 жастағы қария - Қазақстанның 17 облысын түгелдей жаяу аралауға шыққан еліміздегі тұңғыш марафоншы.
"Ұлытауға бардың ба?" деп аталатын экспидицияның мақсаты – еліміздің тарихи-географиялық орталығы Ұлытауды насихаттау, қазақстандық қолөнершілерді тіркеу және ең бастысы «қымыз мерекесін» насихаттау екен. Атамыздың жүріп өтуі тиіс бағыты: Ұлытау – Жезқазған – Қызылорда – Түркістан – Шымкент – Тараз – Алматы – Талдықорған – Аягөз – Өскемен – Семей – Керегежар (Павлодар) – Қарағанды – Нұр-Сұлтан – Көкшетау – Қызылжар (Петропавл) – Қостанай – Ақтөбе – Орал – Атырау – Бейнеу – Ақтау. Ең соңғы меже - Маңғыстау өңіріне қазан-қараша айларында жетемін деп жоспарлапты.
Бұл – өзім араламақ болған 17 облыстың 15-іншісі. Жүрген жолым, өзімнің есептеуімше, 7 мың шақырымнан асты. Енді Атырау мен Ақтау ғана қалды. Әлі кем дегенде 1500-дей шақырым болар. Сондықтан Ақтауда дәл қай күні, дәл қай сағатта болатынымды әзір айта алмаймын, - дейді ақсақал.