Өскемен
пасмурно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Сәрсенбай Оспанұлы: "Қымызға арналған мейрам күні болуы керек!"

31-ші наурыз күні ақ қар, көк мұзда керек-жарағын қоларбасына салып Ұлытаудың төрінен жолға шыққан 72 жастағы Сәрсенбай ақсақал тоқтамай, кері шегінбей, бағдар бойынша Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Талдықорған, Аягөз қалаларын басып өтіп, шығыстың алтын қақпасы Өскеменге де келіп жетті

Новости Казахстана / Сәрсенбай Оспанұлы: "Қымызға арналған мейрам күні болуы керек!"

Сәрсенбай Оспанұлының атағын бұл күнде жұртшылықтың біразы естіп, біліп қалды. Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тумасы, еңбек ардагері, темір ұстасы, Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығының қызметкері, 72 жастағы қария - Қазақстанның 17 облысын түгелдей жаяу аралауға шыққан еліміздегі тұңғыш марафоншы. Ол сәуір айынан бастап шамамен 3000 шақырым жолды қоларбасын сүйреп бір өзі жүріп өткен. Әрбір қаланың арасын нақты санайтын болсақ - 2776 шақырым. Алайда Сәрсенбай Қотырашев әр қалаға кірген сайын мұражай, кітапхана, ескерткіш сынды мәдени орындарын аралап, қонақ қылып шақырған адамдардың үйіне барып, 1-2 күн аялдайды. Қаладан шыққан соң кеш батып, қараңғы түскенге дейін 40-50 шақырымды артқа тастап, түнеу үшін үлкен жолдың бойынан ең жақын деген елді мекенге бұрылады. Соның барлығын қосқанда 3000 шақырымнан асып та кететін шығар.

"Ұлытауға бардың ба?" деп аталатын экспидицияның мақсаты – еліміздің тарихи-географиялық орталығы Ұлытауды насихаттау, қазақстандық қолөнершілерді тіркеу және ең бастысы «қымыз мерекесін» насихаттау екен. Атамыздың жүріп өтуі тиіс бағыты: Ұлытау – Жезқазған – Қызылорда – Түркістан – Шымкент – Тараз – Алматы – Талдықорған – Аягөз – Өскемен – Семей – Керегежар (Павлодар) – Қарағанды – Нұр-Сұлтан – Көкшетау – Қызылжар (Петропавл) – Қостанай – Ақтөбе – Орал – Атырау – Бейнеу – Ақтау. Ең соңғы меже - Маңғыстау өңіріне қазан-қараша айларында жетемін деп жоспарлапты.

 Медине мен Меккеге жаяу барғысы келеді

Сонымен не керек, ұлыстың ұлы күні ұлт ұясы Ұлытаудан аттанған Сәрсенбай ақсақал 5 маусымда, дәл референдум күні шұғылалы шығыстың қақпасына ат басын тіреді. Оны Өскемендегі белді де беделді, атақты ресторатор, өңір туризмін насихаттаушы, дамытушы Мұхтар Тойбазаров өзінің ұжымымен бірге қарсы алды. Әрине, мұндай тарихи маңызы бар күнді құр жібергіміз келмей домбырамызды көтеріп біз де бардық. Марафоншы қартты қалаға кіре берістегі «Oskemen» деген алып жазудың түбінен тосып алдық. Сәрсенбай ата салтанатты түрде қызыл таспаны қиған соң, ұлттық тағамымыз бауырсақ пен қымыздан ауыз тиіп, ақынның арнау жырын тыңдады. 

imgonline-com-ua-Resize-tPpTJtCXNSTIMS.jpg

Барлығымызға бірден қызық болғаны ақсақалдың қоларбасы еді. Қоларбадан гөрі дөңгелек үстіне орнатылған сандыққа қатты ұқсайтын секілді. Ішінде не бар екенін білгенше қатты асықтық. Алайда сыралғы қарт сандық-арбасының қақпағын ашпады.

Егер ашып көрсетсем, онда құпиямның барлығын біліп қоясыңдар ғой, - деп қалжыңдап күлді.


Қақпақтың бетіне Қазақстанның картасын жапсырыпты. Онда жүретін бағыт-бағдарын белгілеп қойған екен. Арбаны ақсақал өз қолымен жасаған. Ыңғайлылығы соншалық салмағы жеп-жеңіл: сүйрегенде де, итергенде де білінбейді. Үлкен дөңгелегі кездескен тастардан, томпақ төбешіктерден оп-оңай аттап кете береді. Сәрсенбай ақсақалдың ендігі арманы – Қазақстанды аралап болған соң, Мекке мен Мединеге жаяу барып, қажылық жасау екен. Жетпістің желкесінен аттаған қара шалдың Қағбаға жаяу барамын деген арманының асқақтығына, өзіне деген сенімділігіне таң қалып таңдай қақтық.

imgonline-com-ua-Resize-NgPblPiCtlvgjed (1).jpg

Атығай асуында жарты сағаттай аз-кем сұхбат құрып, сапарының жай-жапсарын сұрасқаннан кейін Мұхтар мырзаның "қазақ тағамдарының ас үйіне" бет алдық. Өскеменге табан тіреген игі жақсы мен зиялы қауым бас сұқпай кетпейтін бұл жер – қазіргі таңда "би түсетін үйге" айналған.

imgonline-com-ua-Resize-IRPn26ebJH0xLu10.jpg

Құрғақ сүтті көшпенділер ойлап тапқан

Дастархан басында көпті көрген, пайғамбар жасынан асқан қарияны сөйлеттік. Біздің қызығушылықпен қойған барлық сауалымызға қысқа да нұсқа, анық та қанық жауап беріп отырды.

Марафонда күніне 40-45 шақырым жүріп отырамын. Әскерде атқыштар батальонында бізді күніне 90 шақырым жаяу жүргізетін. Таңертең сағат 6 болмай тұрамын да жолға шығамын. Сосын еш жерге кідірмей, тоқтамай кете беремін. Жол-жөнекей дәмхана кезіксе, бір шыныаяқ кофе немесе шәй ішіп шығамын да, сапарымды жалғастырамын. Асықпай отырып түстенуге уақыт жоқ. Ыстық тамақты кешке бірақ ішемін. Қас қарайғанда жақын маңда ауыл көрінсе, сондағы біреудің үйіне түнеп шығамын. Егер ауыл болмаса, жолдың жиегіне шатырымды құрып, сонда ұйықтай кетемін. Ұйықтайтын қаптың (спальный мешок) ішінде жатамын, тоңбаймын. Танитын адамдар көп. Тіпті жолда кетіп бара жатқанда көбі көліктерімен тоқтап, тамақ та ұсынады. Мен оларды алмаймын. Өйткені арбама салсам – артық жүк, ауыр салмақ. Алғанның өзінде оның бәрін бір дегенде отыра қалып жеп тауыса алмаймын. Күн ыстықта бұзылып кетеді, алып лақтыра салсам обал, - дейді ысырыпты сүймейтін ақсақал.

imgonline-com-ua-Resize-GjMWKW5KV5ncoGIq.jpg


Тамақ тақырыбына келгенде қария қазіргі көп тағамның көшпенділер заманында жасалғанын атап өтті.

Көшпенділер алыс жолға, ұзақ сапарға шыққанда қара қойдың сүтін сауып, оны іркіт қылып, сосын қайнатып құрт жасаған. Неге қара қойдың? Өйткені қара қойдың сүті асыл, құнарлы, нәрлі болады. Оның жүні қара болғандықтан, күн энергиясын мол жияды. Ал ол дәруменге, сүттің қуаттылығына әсер етеді. Білетіндер қара биенің қымызы жақсы деп те айтып жатады. Көбі қазіргі құрғақ сүтті шетел шығарды деп ойлайды. Оны ойлап тапқан біздің бабаларымыз. Алдымен қойдың терісінен жүнін қырып, тазалап, жуып, шуаш иісін кетірген. Сосын қазанда қайнап жатқан сүтке салып бірге қайнатқан. Сүт әбден суалып, теріге сіңіп болған соң, оны кептіріп, сындырып қоржынға салып қойған. Содан керегінше алып, оны езген кезде сүтке айналып шыға келген, - деп Сәрсенбай ақсақал бұрын ешкімнен естімеген, еш жерден оқымаған деректі айтып берді.

Кей аймақта "Қатындар күресі" болады екен

Сәрсенбай Оспанұлы 2018 жылдан бастап Ұлытау өңірі "Көкмайса" фестивалін, былайша айтқанда "Қымыз мейрамын" тойлататынын айтқанда отырған барлығымыз қызыға да, қызғана да қарап қалдық.

Қымызмұрындық кезінде қазақтың бұрынғы ет жейтін алыптардың "Мешкейлер жарысын" да өткізуді қолға алдық. Қатысамын дегендер тіркеліп тізімге жазылады да, 1-2 ай бұрын әзірленеді. Мешкейлер іркіт ішіп, етті қорыту үшін асқазандарын дайындайды. Бұдан бөлек "Көкмайса" фестивалінде елімізде әлі кең көлемде ұйымдастырылмаған, кейбір аймақтарда тіпті болмаған "Қатындар күресін" шығардық. Әйелдердің күш сынасуы бұрын қазақтың даладағы үлкен ас-тойларында болған. Қазіргі кезде жоғалып, ұмытылып бара жатыр. Менің негізгі ең үлкен мақсатым – жаздың ең ұзақ күнін қымыз мейрамы деп белгілетіп, оны күнтізбенің бетінде ресми бекітілген мейрам етуге үлесімді қосу. Егер қымызмұрындық мейрамын жалпыхалықтық, мемлекеттік мерекеге айналдырсақ, ертең күллі түркі халықтарының бірігуіне де өзіндік үлесі болады. Қымыз сусынын қастерлейтін Тұран елдері үшін ортақ мейрам болса, біздің ұлттық мұрамызды ешбір бөтен ел ұрлай алмайтын еді, - дейді ақсақал.

"Қара жорғаны Ұлытауда алғаш билеген - менмін"


Сәрсенбай қария марафонға 7 жыл дайындалған екен. Өзі темір ұстасы болғандықтан Қазақстан шеберлер одағының мүшесі. Алайда ақсақал елімізде ұсталарға, зергерлерге дұрыс көңіл бөлінбейтінін, еңбектері еленбейтінін айтты.

Марафонды бастар алдында, ЮНЕСКО-ның өкілдерімен кездесіп, өзімнің арман-мақсатымды айтып бердім. Олар маған сенім артып эмблемасын берді. Ал ол эмблеманы екінің біріне бере бермейді. Халықаралық ЮНЕСКО ұйымына осы саяхатым кезінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен шеберлерді тауып, тізімін жасап ұсынатын боламын, - дейді мойнына артқан жүгі ауыр қария.

Сондай-ақ, дастархан басында әркім өзінің көкейдегі сұрақтарын қойып, көп ақпарат алды. Сауалдардың біріне Сәрсенбай ата жас кезінде қара жорға билегенін, билегенде Ұлытаудағы алғашқылардың бірі болғанын мәлімдеді. Ұсталықпен қатар, өнерден кем емес екенін көрсетіп, екі ауыз ән де шырқап берді. "Арба айдаған, ендеше арба айдаған-оу, Көзі көрмей арбасын жарға айдаған-ей" деп басталатын бәйіт тәріздес орысша аралас көңілді әннен үзінді келтірді.

Шенді-шекпенділер референдум деп шапқылап жүргенде, біз Сәрсенбай Оспанұлы секілді тарих пен білімге бай, денсаулығы темірдей мықты, жаны мен тәнін қуаттап жүрген қартымызды көріп, әңгімесін тыңдап бір жадырап қалдық. Ақсақалға ақ жол, сәтті сапар тілеп, қош айтыстық.

imgonline-com-ua-Resize-hRmCdMu6tk3XQ.jpg

Следующая →