Елде 7 ай ішінде бюджет қаражатын жымқыру бойынша 132 іс тіркелген
57 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты қолды болса, оның 53 миллиард теңгесі қайтарылды

Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Агенттіктің биылғы 7 айдағы қызметі жөніндегі Президентке ұсынылған мәліметтерге сүйенсек, биыл жалпы 857 іс тергеліп, 88 миллиард теңге көлеміндегі залал өтелді. Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес аясында 33 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Бюджет қаражатын жымқыру бойынша 132 іс тіркеліп, келтірілген залал 57 миллиард теңгеден асқан. Оның 53 миллиарды қайтарылды.
Агенттік тарапынан коммуналдық қызмет саласында тарифтерді негізсіз көтеру фактілері анықталып, 20 монополистке қатысты 34 қылмыстық іс қозғалды. Тұтынушыларға тарифті азайту түрінде 11,6 миллиард теңге залал өтелді, - деп мәлімдеді агенттіктің баспасөз қызметі. - Жанар-жағармай материалдарын заңсыз шығаруға қатысты 36 іс қозғалды. Атап айтқанда Павлодар, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында ірі сомадағы жанар-жағар майды заңсыз шығаруға жол берілген жоқ.
Сондай-ақ, азық-түлік бағасын қолдан қымбаттатқан жосықсыз тасымалдаушыларға қатысты тергеу басталды.