Қазақстанмен құдаласқан ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус Алматыға бейресми сапармен келген
Тедрос Адханом Гебрейесус бүгін Қазақстанның жетекші медициналық университеті - Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне (ҚазҰМУ) барған
Асфендияров атындағы ҚазҰМУ баспасөз қызметі мәліметінше, медициналық университетте Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ДДСҰ басшысын қарсы алған. ДДСҰ бас директоры университеттің құрметті қонақтары кітабына естелік жазба қалдырды. Академик Шарманов атындағы Даңқ залында Тедрос Гебрейесус қазақстандық ғылым мен медицинаның жетекші қайраткерлері – ҚазҰМУ профессорларымен кездесті, әлемдегі эпидемиологиялық жағдайдың дамуы туралы сұрақтарға жауап берді.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов ДДСҰ басшысына Қазақстанның жетекші медициналық университетіне келгені үшін алғысын білдірді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры лауазымына екінші мерзімге сайлануыңызбен құттықтаймыз. Пандемияның алғашқы күндерінен бастап ДДСҰ мүше мемлекеттерге қолдау көрсетіп келеді. Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы сізбен онлайн кездесуінде және ДДСҰ ассамблеясында сөйлеген сөзінде пандемия кезінде Қазақстанға көрсеткен көмегіңізді жоғары бағалайтынын айтқан. Ол кезде мен денсаулық сақтау вице-министрі болып жұмыс істедім, сізге және сіздің ұжымға алғысымды қабыл алыңыздар, - деді ҚазҰМУ ректоры.
Медициналық университеттің баспасөз қызметі мәліметінше, бұған дейін ДДСҰ басшысы қала әкімі Ерболат Досаевпен кездескен.
Айта кетейік, Тедрос Адханом Гебрейесус Жүрсін Ерманның құдасы. ДДСҰ басшысының үлкен ұлы ақынның жиен немересін алып отыр.