Қасым-Жомарт Тоқаев Башқұртстан президентімен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Радий Хабиров Қазақстан мен Башқұртстанның сауда-экономикалық, өнеркәсіп, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелерін талқылады
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық серіктестікте Башқұртстан Республикасының ерекше орын алатынын атап өтті, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты. Президент екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
Біз Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы іскерлік ынтымақтастыққа қатысты нақты жобалар жасауға және дамытуға мүдделіміз. Сондықтан сіздердің компанияларыңыздың жетекшілерін Қазақстанға шақырамын. Біз барлық жағдайды жасаймыз. Бұған қызығушылық танытып отырмыз. Егер сіздердің тарапыңыздан индустриялық әлеуеті ескерілген өте маңызды бірлескен жобалар ұсынылса, жұмысымыз жемісті болады деп ойлаймын, - деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Башқұртстан дәстүрлі түрде Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығын нығайтуға елеулі үлес қосуда. Оның пікірінше, түрлі бағыттар бойынша өзара ықпалдастықты кеңейтуге әлеует жеткілікті және Қазақстан оны толыққанды іске асыруға ниетті.
Өз кезегінде Радий Хабиров кездесуге мүмкіндік бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті.
Башқұртстан Қазақстанның бизнесімен жұмысты одан әрі жалғастыруға аса мүдделі. Біз үшін бұл өте маңызды. Осы уақыт аралығында қол қусырып отырғанымыз жоқ. Менің Қазақстанға сапарым барысында бірқатар келісімдер жасалып, уағдаластықтарға қол жеткізілді және олардың бәрі жүзеге асырылды. Ең алдымен, өзара қарым-қатынас инфрақұрылымын жолға қойдық, - деді Башқұртстан президенті Радий Хабиров.