Қарағанды облысында малға қасқыр шапты
Қарағанды облысында қасқырлар 50-ден аса жылқыны жайратып кеткен
Түз тағылары күзден бері Бұқар жырау ауданына қарасты үш ауылдың жылқысына қырғидай тиіп жатыр, деп хабарлайды КТК арнасы. Ал соңғы аяз көтерілгелі ит-құс ауылды айнала жортатын болған. Осы күнге дейін 50-ден аса жылқыны жайратқан жыртқыштар адамнан қорқуды қойыпты. Сондықтан олар аңшылық инспекциясынан малды жайпап бара жатқан жыртқышты жоюға рұқсат беруін талап етіп отыр. Бірақ қасқырды қыруға болмайды екен.
Тұрғындардың айтуынша, қасқырлар жазда Баянауыл және Қарқаралы аудандарында болған дала өртінен ауып келген. Қазір жыртқыштар жайлаған өңір осы екі өрттің ортасында орналасқан. Бұл болжамды мамандар да жоққа шығармайды. Десе де, құзырлы органдар ауыл тұрғындарын қасқырдан арашалауға қауқарымыз жетпейді деп отыр.
Қыс түссе, ақжарлықтар қоршауда қалғандай күй кешеді. Осы мезгілде ауылда жарық жиі сөніп жолдарын қар алады. Салдарынан негізгі жолдан ауылға дейінгі бес шақырым жерді жаяу жүріп өтуге тура келеді екен. Сондықтан аш қасқырлар "адамға да шаба ма?" деген қауіп төнді дейді тұрғындар.