Өскеменде жортып жүрген еліктерді кім ұстауы тиіс?
Осыған дейін қалаға елік кіріп кетіп, бірнеше күн қаңғырған ол көлік астына түсіп, қаза болды
Өткен аптада қалалықтар Абай даңғылынан тағы да жүгіріп жүрген екі елікті байқаған. Өткендегілей тағы да көлік астына түсер деп қауіптенген тұрғындар бейнежазбанф әлеуметтік желіге таратып, түрлі қалалық қызметтерге хабарласа бастаған. Бірақ қаңғып кірген аң-құсты ұстау қалалық қызметтің ешқайсының құзырына жатпайтындықтан, ешкім ешқандай жауап қатпаған.
Ал облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, полиция қызметкерлерінде транквилизаторлы патрон жоқ. Елікті шокермен ұруға да болмайды.
Өскемен қалалық полиция қызметінің табиғатты қорғау полициясындағылар жабайы аңдар саны белгілі бір кезеңде ғана, белгілі бір әдіспен реттеліп отыратындығын атап өтті. Яғни, тек аю мен қасқыр сынды жыртқыштарды ғана атып тастауға құқылы. Ал аулау, ұйықтату және қала сыртына шығарып жіберу олардың құзырында емес. Бізге қалалық ветеринария кәсібі және ауыл шаруашылығы басқармасына жүгінуге кеңес берді. Бірақ ол басқарма табиғатты қорғау полициясымен ақылдаса келе, бізді облыстық Ветеринария басқармасына жіберді.
- Біз құтырық ауруына шалдыққан жабайы және халыққа қауіп төндіретін иттерді ғана ұстап, ұйықтатамыз, - дейді облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов. - Бізде оларды аулауға арналған көлік, арнайы қызмет және транквилизатомен оқталған қару бар. Бірақ ондағы доза итке арналған. Ал еліктің салмағы бөлек. Егер ұйықтататын дәрінің мөлшері дұрыс есептелмесе, елік өліп кетуі мүмкін. Мен өз қаламың патриоты болғандықтан, осы жағдайда қалай көмек көрсете алатындығымызды ойланып көрейін. Жауабын айтамын.
Рамиль Сағандықов “Мал дәрігерi” МҚК басшылығымен келіскен. Олар қала көшелерінде адасып жүрген еліктерді аулап, ұйықтатуға көмектесуге келісім берді. Мекеменің де арнайы транквилизаторлы қаруы бар. Дәрі мөлшерін де еліктерге сай есептеп алуға уәде етті.
- Ұйықтатып, қолға түсіргеннен кейін жануарларды "Зоовита" ветеринарлық клиникасына апарамыз. Еліктерді жұқпалы және инфекциялық аурулардан емдеу үшін он күнге карантинге жібереміз. Кейін жергілікті зоопаркке береміз, - дейді “Мал дәрігерi” МҚК директоры Ерлік Ордабаев.
Егер көшеде кезіп жүрген елік көргендер болса, “Мал дәрігерi” МҚК-ге 57-41-69, 8-777-248-61-94 нөімір арқылы хабарлай алады.