Жетім балалармен жұмыс істейтін педагогтердің біліктілігін арттырады
Қазақстанда алғаш рет жетім және ата-анасының қамқорлығысыз қалған балалармен жұмыс істейтін педагогтерге арналған жүйелі оқыту бағдарламасы енгізіледі

"Өркен" ұлттық ғылыми-практикалық институтының халықаралық сертификат алған 51 маманы әр өңірге барып, мұғалімдерді тегін оқытады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бұл жоба ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен "SOS Қазақстан балалар ауылдары" қорының ынтымақтастығы нәтижесінде жүзеге асып отыр.
Оқыту бағдарламасы халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленіп, заманауи әдістемелерге негізделген. Бұл өз кезегінде мамандардың кәсіби дағдыларын жан-жақты жетілдіруге мүмкіндік береді, - деп мәлімдеді ҚР Оқу-ағарту министрлігі. - Арнайы әзірленген 80 сағаттық оқу бағдарламасы барлық қажетті сараптамалық қорытындылардан өтті.
Пилоттық жоба сәуір айында Астана мен Алматы қалаларында басталып, жыл соңына дейін республиканың барлық өңірін қамтиды
Айта кетейік, бүгінгі таңда еліміздегі жетім балаларға арналған 73 мекемеде 2 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Жаңа курстар осы мамандардың әлеуетін арттыру арқылы балалар үйлеріндегі тәрбие мен білім сапасын жақсартуды, сондай-ақ балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етудің озық халықаралық стандарттарын енгізуді көздейді.