Алакөлде жол жөнделіп, қоғамдық көлік қатынайды
2026-2028 жылдарға арналған Алакөлдің туристік әлеуетін арттыруға және жағалаудағы инфрақұрылымды кешенді дамытуға бағытталған жол картасы бекітілді

Абай облысының әкімі Берік Уәли жауапты тұлғаларға жазғы туристік маусымға дайындықты бастауды тапсырды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жоспарға сәйкес Алакөл жағалауын дамыту үшін бас жоспар әзірленіп, инженерлік инфрақұрылым жаңартылады. Электр желілері тартылып, су және кәріз жүйелері салынады. Тазарту қондырғылары орнатылып, жағалау нығайтылады. Сонымен қатар санитарлық тораптар қойылып, жарық тартылады, - делінген Абай облысы әкімдігінің ақпаратында. - Биыл көл жағалауына жасанды интеллектпен интеграцияланған 115 бейнекамера орнатылады. Оның 22-сі жағалау сызығында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қойылады. Сондай-ақ, барлық нысандар жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылып, талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады.
Сонымен қатар, жолдар жөнделіп, қоғамдық көлік қозғалысы ұйымдастырылады. Туризмді дамыту аясында келу орталығын салу, инвесторлар тарту және мәдени-туристік іс-шаралар өткізу көзделген.
Аймақ басшысы шомылу маусымына небары екі ай қалғанын атап өтіп, тиісті басқарма мен Мақаншы ауданының әкіміне инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздік пен тазалықты қамтамасыз ету, қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстарын нақты жоспармен жедел іске асыруды тапсырды.
Бұл мәселені Мемлекет басшысы да, Үкімет те ерекше бақылауында ұстап отыр. Инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тазалықты сақтау, қызмет көрсету сапасын арттыру және кәсіпкерлермен өзара тиімді іс-қимылды бүгіннен бастап нақты жоспар негізінде жүзеге асыру қажет. "Әлі ерте" немесе "уақыт жеткілікті" деген көзқарасқа жол берілмеуі тиіс. Әрбір жауапты құрылым өз міндеттерін айқындап, нақты мерзімдер мен жауапты тұлғаларды белгілеуі керек. Негізгі мақсат – жазғы туристік маусымды жоғары деңгейде өткізіп қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін сапалы жаңа деңгейге көтеру, – деді Берік Уәли.