Шымкенттегі DamDastour халықаралық фестиваліне 10 елден бас аспаз шақыртылған
Бірнеше күн бойы Әл-Фараби атындағы орталық алаң әлемнің түрлі елдерінің асханаларын тоғыстырған халықаралық гастрономия кеңістігіне айналды

Фестивальге Бельгия, Швейцария, Франция, Сербия, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған танымал бас аспаздар қатысты. Олар авторлық тағамдарын ұсынып, кәсіби шеберлік сабақтарын өткізіп, фестивальді халықаралық гастрономиялық байланыс орнататын алаңға айналдырды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Фестиваль аясында қоғамдық тамақтану орындары арасында байқау ұйымдастырылды. Қазылар алқасының шешімімен "Ең үздік палау" аталымында Grand Gondel Hills мейрамханасы жеңіске жетсе, "Ең дәмді самса" аталымында Qazaq Samsa мейрамханасы үздік деп танылды. Ал "Үздік ұлттық тағам" бойынша "Понтос" мейрамханасы жеңімпаз атанды. "Камал ата" кафесі белсенді қатысқаны үшін арнайы марапатқа ие болды.
Жалпы фестивальге қаладағы 50-ге жуық мейрамхана қатысып, ұлттық және әлем асханасының сан алуан тағамдарын ұсынды. Наурыздың басты тағамы — наурыз көже де дайындалды, - делінген ҚР Туризм министрлігі ақпаратында. - Фестиваль мазмұнды мәдени бағдарламасымен де есте қалды: түрлі байқаулар, өнерпаздардың өнер көрсетуі, батырлар шоуы, цирк қойылымдары, мотошеру, автокөрме және қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Фестиваль Шымкенттің туристік әлеуеті жоғары екенін көрсетіп, оқиғалы туризмді дамытуға және ұлттық асхананы насихаттауға зор үлес қосты.

