Мәслихат депутаттарының республикалық форумы өтіп жатыр
Мемлекет басшысының қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы басталды

Тәуелсіздік сарайында өткен форумға барлық аймақтан жергілікті билік өкілдері, миллиондаған отандасымыздың мүддесін қорғап жүрген екі мыңға жуық депутат қатысты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жиын өңірлік саясаттың тиімділігін бағалап, өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда кең ауқымды, тарихи өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Игі бастамалардың бәрі де халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қолға алынды. Біз мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканы және әлеуметтік саланы түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл орайда, мәслихаттардың алдында тұрған миссия – айрықша, - деді Президент. - Өкілді органдарды күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді. Біз бұған дейін біраз шаруа атқардық. "Қуатты аймақтар – қуатты ел" қағидатына сәйкес мәслихаттардың беделін көтердік. Соның арқасында осы құрылымдар мемлекеттік басқару жүйесіндегі басты институттың біріне айналды. Дегенмен мәслихаттардың әлеуетін одан әрі күшейту үшін бірқатар міндетті орындауымыз керек.