Қазақстандық ұстаздарды еңбек жағдайы мен жалақысы қанағаттандырады
Бүгінде мұғалімдердің апталық жүктемесі 50 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқартылып, демалыс уақыты 56 күнге ұзартылды

Сондай-ақ мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есе, ал балабақша тәрбиешілерінікі 30%-ға артқан, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында халықаралық TALIS-2024 зерттеуінің қорытындылары жарияланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары арқасында Қазақстан мұғалімдердің жалақыға қанағаттану деңгейі бойынша әлемдегі үздік бес елдің қатарына енді. 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 39% болса, 2024 жылы 71%-ға жетті. Бүгінде еліміздегі педагогтердің 95%-ы өз жұмысына көңілі толатынын мәлімдеп, кәсіби қанағаттанудың жоғары деңгейін көрсетіп отыр, - деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
"Мұғалім мәртебесі туралы" Заңның қабылдануы саладағы түйткілді мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Мұғалімдердің апталық жүктемесі 50 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқартылып, демалыс уақыты 56 күнге ұзартылды. Соңғы жылдары мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есе, балабақша тәрбиешілерінің еңбекақысы 30%-ға артты. Бұл шаралар педагогтердің әкімшілік жүктемесін азайтып, олардың негізгі міндеті - бала оқыту мен кәсіби дамуға көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасады. Нәтижесінде магистр дәрежесі бар мамандардың үлесі үш есе өсіп, 11%-ды құрады.
Педагогтердің құқықтарын қорғауды заңнамалық тұрғыдан жетілдіру және оларды өз құзыретіне жатпайтын жұмыстардан босату басты назарда қалады. Бұл кешенді шаралар – еліміздің зияткерлік капиталын нығайтуға және білім беру теңсіздігін, әсіресе ауылдық аймақтарда, жоюға бағытталған стратегиялық қадамдар.