ҚР жаңа Конституциясына қатысты жалған ақпараттар
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы төңірегіндегі ең көп таралған фейктер мен манипуляцияларға шолу дайындады

Орталық желіде тараған жалған мәлімдемелерді жобаның ресми мәтінімен және мемлекеттік органдардың түсіндірмелерімен салыстырып ұсынды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Кейбір желі қолданушыларының ойынша, Конституция Президенттің өкілеттіктерін күшейтеді.
Бұл құжаттың мазмұнына сәйкес келмейді. Жоба тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін бекітеді. Негізгі кадрлық шешімдер - Вице-президентті, Премьер-министрді, Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындау - Құрылтайдың келісімімен жүзеге асырылады, - деп мәлімдеді Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы. - Сонымен қатар, Президенттің қайта сайлану құқығынсыз бір реттік жеті жылдық өкілеттік мерзімі сақталады. Мұндай құрылым "суперпрезиденттік" модельге емес, президенттік республикаға тән.
Сондай-ақ, қазақстандықтарды шетелдіктерге жер сатуға қойылған тыйым алынып тасталғаны да мазалайды.
Жоба мәтінінде шетел азаматтарына жер сатуға рұқсат беретін нормалар жоқ, - деп түсіндіреді орталық мамандары. - 8-баптың 3-тармағында: "Жер және оның қойнауы, сулар, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, өзге де табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін" деп бекітілген.
Тегін медицина жойылатыны да баста назарда.
Жоба медициналық көмектің өтеусіз сипатын сақтайды. 32-баптың 2-тармағына сәйкес: "Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгіленген, өздері төлемейтін медициналық көмекті алуға құқылы". Бұл жерде мәселе тегін медицинаны жоюда емес, аталған құқықты іске асыру тетігін заңнамалық тұрғыдан нақтылауда болып отыр, - делінген орталық ақпаратында.
Желіде жиі талқыланатын тақырыптардың бірі – "Тегін білім беру жойылады".
Орталық бұның да жоба мәтініне сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Шын мәнінде, мемлекеттік оқу орындарында орта білім берудің өтеусіз сипатына Конституция кепілдік береді. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарында конкурстық негізде тегін жоғары білім алу құқығы бекітіледі (33-бап).
Ешкім медициналық көмек пен білім алу құқығынан айырылмайды... "Тегін" деген ұғым құқықтық тұрғыдан нақтырақ "азаматтар ақы төлемей, заңда белгіленген тәртіппен медициналық көмек алуға құқылы" деген тұжырымдамамен алмасты, – деп атап өтті Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 9-отырысында Премьер-Министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Жыл сайынғы ақылы демалыстар жойылатыны да қате пайым.
Конституция жобасының 27-бабы демалу құқығына кепілдік береді. Ал жыл сайынғы ақылы демалыстың нақты ұзақтығы мен шарттары Еңбек кодексімен айқындалады. Конституциялық норма принципті бекітеді, ал егжей-тегжейі салалық заңнамамен реттеледі, - деп түсндірді Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы.
"Конституциядан "бостандық" ұғымы алынып тасталды"
Керісінше, құқықтар мен бостандықтар ең жоғары құндылық ретінде айқындалған. Преамбула мен 1-бапта адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жарияланған. Құқықтар мен бостандықтар бөлінбейтін және иеліктен шығарылмайтын деп танылады.
Адам және оның қадір-қасиеті – конституциялық модельдің езегіне айналып отыр, - деп атап өткен мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
"Сөз және жиналыс бостандығы шектеледі"
Шын мәнінде, Конституция жобасы цензураға тікелей тыйым салады (23-бап, 5-т.) және сөз бостандығына кепілдік береді (23-бап, 4-т.). Шектеулерге тек заңмен және тек конституциялық құрылысты, қоғамдық қауіпсіздікті, сондай-ақ басқа тұлғалардың құқықтарын қорғау мақсатында ғана жол беріледі, бұл Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне, соның ішінде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге сәйкес келеді.
Бейбіт жиналыстар өткізу құқығына Конституция жобасының 35-бабында да кепілдік берілген. Бейбіт жиналыс түрлерінің тізбеленбеуі осы түрлердің барлығының "бейбіт жиналыстар" ұғымына кіретіндігімен, яғни бейбіт жиналыстар өткізу құқығымен қамтылатындығымен түсіндіріледі. Бейбіт жиналыстардың нақты түрлері бейбіт жиналыстар туралы бейінді Заңда ашып көрсетіледі, - деп түсіндірді орталықтағылар. - Бейбіт жиналыстардың түрлерін тәптіштемейтін мұндай жалпы тұжырымдама "Бейбіт жиналыстар өткізу құқығы танылады" делінген Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге сәйкес келеді.
"Тотальды цифрлық бақылау енгізілетіні" де жалған ақпарат. Керісінше, Конституция жобасы «цифрлық құқықтарды» енгізіп, азаматтардың жеке өмірі мен дербес деректерін виртуалды ортада заңсыз пайдаланудан қорғайды (21-бап, 1-т.).
"Конституция мәтінін шетелдіктер жазған" дейтіндер де бар. Бұл да жалған ақпарат. Жобаны отандық заңгерлер, ғалымдар мен сарапшылар азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып дайындады. Комиссия жұмысы ашық әрі жария түрде жүргізілді.
"Жаңа Конституция халықаралық міндеттемелерді бұзады"
Жобада ратификацияланған халықаралық шарттарға қайшы келетін нормалар көзделмеген. Адам құқықтары мен бостандықтарының негізгі қағидаттары халықаралық деңгейде танылған стандарттарға сәйкес келтірілген, - деп түсіндірді мамандар. - Ратификацияланған халықаралық шарттардың қолданылу тәртібі ұлттық мүдделерді қорғау қажеттілігі ескеріле отырып, заңдарда айқындалатын болады. Ратификацияланған халықаралық шарттар Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық жүйесінің құрамында қалады.
Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарды бастапқы дереккөздерді мұқият зерделеуге, тексерілмеген жарияланымдарға сын көзбен қарауға және жалған ақпаратты таратпауға шақырады. Өз көзқарасыңызды қалыптастыру барысында эмоционалды және үстірт интерпретацияларға емес, ресми мәтін мен уәкілетті органдардың түсіндірмелеріне сүйену қажет.