ЖИ және атом энергетикасы мамандары "Болашақ" бағдарламасы бойынша білім алады
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті

Биыл "Болашақ" стипендиясын тағайындау конкурсының ережелері өзгерді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Үміткерлер үш кезеңнен тұратын іріктеуден өтеді: кешенді тестілеу, сұхбат және республикалық комиссияның ең жоғары ұпай жинаған қатысушыларды іріктеуі. Сондай-ақ бір күнтізбелік жыл ішінде конкурсқа қайта қатысуға болады. Бұл әлеуетті үміткерлер қатарын көбейтіп, олардың бағдарламада бағын сынап көруіне қосымша мүмкіндік ұсынады.
Отырыста 2026 жылы кәсіби тағылымдамадан өтушілер үшін "Жасанды интеллект жүйесін пайдаланушылар" деген жаңа санат бекітілді. Экономиканың түрлі саласын жаппай цифрландыру бағдары жасанды интеллект құзыреттерін дамытуды талап етеді. Бұл ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін нығайтудың әрі цифрлық трансформация жағдайында негізгі салаларды дамытудың маңызды шарты саналады.
Сондай-ақ жиында 2026 жылдан бастап магистратура, докторантура, тағылымдама бойынша атом энергетикасы саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған арнайы санатты енгізу туралы шешім қабылданды. Жыл сайын бұл бағытқа 20 квота бөлінеді. Мұндай қадам отандық атом өнеркәсібіне қажетті жергілікті білікті кадрларды уақтылы даярлауға мүмкіндік береді.